Мұғалімдер Reels салып, WhatsApp-та жауап беруге міндетті емес – заң жобасы әзірленді

Елімізде мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді. Енді педагогтерді әлеуметтік желіге Reels түсіруге мәжбүрлеуге жол берілмейді. Жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндетті болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads платформасында жазды.
Оның айтуынша, аталған нормаларды қамтитын арнайы заң жобасы әзірленген.
«Педагогтерді рилс түсіруге мәжбүрлеуден, түнде және жұмыс уақытынан тыс уақытта WhatsApp-та жауап беруге міндеттеуден, есепті электронды және қағаз жүзінде қайталап тапсырудан қорғау үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Енді заң жобасын жұмысқа қабылдаймыз. Келесі аптадан бастап жұмыс тобында талқылауды бастаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе», – деді депутат.
Оның сөзінше, ұстаздар артық міндеттермен емес, сапалы білім берумен және тәрбие жұмысымен айналысуы тиіс.
Еске салсақ, осыған дейін педагогтер пән апталығы, ашық сабақ және басқа да іс-шаралар өткізген соң, оның есебін әлеуметтік желідегі парақшаға жүктеуге мәжбүр болатынын айтып шағымданған еді. Олар бұл да білім бөлімдерінен түсетін қосымша тапсырма екенін айтуда.
Осы орайда Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова апталық, тәрбие сағаты немесе басқа да шараларды өткізу білім ұйымының ішкі бақылау жоспарына сай жүргізілетінін айтады. Алайда онлайн платформаларға салу арқылы есеп беру педагогтің құзыретіне жатпайтынын түсіндірді.