Енді ХҚКО-лардан дайын құжаттарды кез келген уақытта алуға болады

Енді дайын құжаттарды алу үшін жұмыстан сұранудың қажеті жоқ. Елдегі ХҚКО-ларда тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейтін автоматтандырылған постаматтар орнатылды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Дайын құжаттарды кез келген ыңғайлы уақытта және кез келген күні алуға болады.
Қандай құжаттарды алуға болады
Постамат арқылы 19 түрлі құжат беріледі. Олардың қатарында:
- неке қию және ажырасу туралы куәліктер;
- қайтыс болу туралы куәліктер;
- архивтік анықтамалар;
- туу туралы куәліктің қайталама нұсқалары;
- аттестаттар мен дипломдардың телнұсқалары және басқа да құжаттар бар.
Алдағы уақытта бұл тізім кеңейтіледі.
Қалай жұмыс істейді
Мемлекеттік қызметке өтініш берген кезде дайын құжатты алу тәсілі ретінде постаматты таңдау қажет. Құжат дайын болғанда, телефонға жеке код көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Ұяшықты ашу үшін биометриялық сәйкестендіруден өту керек. Құжатты хабарлама келген күннен бастап үш күн ішінде алып кету қажет. Егер осы мерзімде алынбаса, ол ХҚКО маманы арқылы стандартты тәртіппен беріледі.
Постаматтар қай қалаларда жұмыс істейді
Қызмет қазіргі таңда 10 қалада қолжетімді. Жалпы саны – 14 постамат жұмыс істеп тұр.
Постаматтар орнатылған ХҚКО мекенжайлары:
- Астана – Керей, Жәнібек хандар көшесі, 4.
- Астана – Республика даңғылы, 43.
- Алматы – Марков көшесі, 44.
- Алматы –Жандосов көшесі, 51.
- Алматы – Нұркент шағын ауданы, 5/17.
- Шымкент – Жангелдин көшесі, 13а.
- Шымкент – Төлеметов көшесі, 35.
- Тараз –Төле би даңғылы, 89г.
- Қордай – Батыс тұрғын алабы, 25.
- Қарағанды – Шахтерлер даңғылы, 5/2.
- Қызылорда – Астана даңғылы, 46.
- Павлодар – Павлов көшесі, 48.
- Түркістан – 160-шы квартал, 236-ғимарат.
- Семей –Папанин көшесі, 34а.
Қызмет аясын алдағы уақытта кеңейту жоспарланып отыр.