Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды несиелеу ережелері өзгерді

Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылы 9 ақпандағы бұйрығымен агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы жобаларды несиелеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл жөнінде Zakon.kz басылымы жазды.
Агроөнеркәсіп кешені жобаларын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредит беріледі. Бұл қаржы кредитор, бюджеттік бағдарлама әкімшісі және қарыз алушы арасында жасалатын арнайы келісімшарт негізінде бөлінеді.
Берілетін қаражат қайтарымды, белгілі бір мерзімге және сыйақымен ұсынылады, сондай-ақ тиісті кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс. Аталмыш несие 10 жылға 1% сыйақы (жылдық) мөлшерлемесімен беріледі. Бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – АӨК саласындағы жаңа жобаларды іске асыру немесе қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту.
Несие қандай кәсіпке беріледі
Несие ірі агроөнеркәсіп жобаларына беріледі. Атап айтқанда:
- 400 бастан асатын сүт фермаларына;
- жылына 5 мың тоннадан көп өнім шығаратын құс фабрикаларына;
- 5 мың бастан асатын мал шаруашылығы кешендері мен бордақылау алаңдарына;
- сағатына кемінде 8 шартты бас өңдейтін ет комбинаттарына;
- 10 мың басқа арналған мал базарларына;
- 1000 тоннадан асатын көкөніс және жеміс сақтау қоймаларына;
- өнеркәсіптік жылыжайларға;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарға (жүн мен тері өңдеуді қоса алғанда);
- құрама жем өндірушілерге.
Сонымен қатар жылына кемінде 25 тонна өнім беретін балық өсіру шаруашылықтарына, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторларға, заманауи су үнемдеу технологияларын (тамшылатып, жаңбырлатып суару) қолданатын суармалы егіншілік жобаларына және 5 мың бастан асатын қой фермаларына да несие қарастырылған.
Несиені өтеуде қандай жеңілдіктер бар
Негізгі қарызды қайтаруды 24 айға дейін кейінге қалдыруға болады. Яғни қарыз алушы алғашқы екі жылға дейін негізгі соманы төлемей, тек шартқа сай басқа міндеттемелерді орындай алады.
Бюджеттік кредитті игеру кезеңі 18 айды құрайды және ол бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға аударылған сәттен бастап есептеледі. Аталған нормаларды іске асыру үшін бюджеттік бағдарлама әкімшісі тиісті бюджет бекітілгеннен кейін кредитордың бюджеттік кредиттің негізгі шарттары мен қарыз алушылар санаты туралы шешім жобасын бекітуге ұсынады.
Кредит қандай шарттармен беріледі
Жергілікті атқарушы орган сенім білдірілген тұлға (агент) арқылы үміткерлерге мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып, мынадай шарттармен кредит береді:
– кредит мерзімі 10 жылға дейін;
– бір жобаға берілетін кредиттің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңгеден аспайды;
– номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%;
– кепілдік қамтамасыз етудің болуы;
– негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 24 айдан аспайды.
Кредиттің нысаналы мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жаңа жобаларды іске асыру немесе қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту.
Атап айтқанда:
- сүт-тауар фермалары (қуаты 400 бастан бастап); ет бағытындағы құс фабрикалары (жылына 5000 тоннадан бастап);
- етті мал шаруашылығы кәсіпорындары (5000 бастан бастап); бордақылау алаңдары (5000 бастан бастап);
- ет өңдеу кәсіпорындары (сағатына 8 шартты бас қуаттылықтан бастап);
- сыйымдылығы 10 000 бастан бастап ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мал базарлары;
- көкөніс сақтау қоймалары (1000 тоннадан бастап); жеміс сақтау қоймалары (1000 тоннадан бастап);
- өнеркәсіптік жылыжай шаруашылықтары;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындары (жүн мен теріні қоса алғанда), сондай-ақ құрама жем өндіру;
- жылдық өндірістік қуаты 25 тоннадан бастап аквакультура объектілерін өсіру шаруашылықтары;құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар;
- заманауи су үнемдеу технологияларын (жаңбырлату, тамшылатып суару) пайдалана отырып суармалы егіншілік (картоп, көкөніс, мал азығы өндірісі);
- қой шаруашылығы фермалары (5000 бастан бастап);
- ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарын (жүн мен теріні қоса алғанда), сондай-ақ құрама жем өндірісін іске асыру үшін пайдаланылған қарыздарды қайта қаржыландыру;
- жылдық қуаты 80 миллион дана жұмыртқадан бастап жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары;
- мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен бірге сою пункттері.
Өтінімдерді қабылдау тәртібі, кредит беру және кепілдік қамтамасыз ету талаптары, үміткерлер санаты, бірлесіп қаржыландыру көлемі, сондай-ақ несие алу үшін қажет құжаттар тізбесі жергілікті атқарушы орган мен сенім білдірілген тұлға (агент) арасында жасалатын тапсырма шартымен айқындалады.
Сонымен қатар кредит қаражатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға немесе айналым қаражатын толықтыруға, оның ішінде бордақылауға арналған мал сатып алуға пайдалануға болмайды.
Бұйрық 2026 жылдың 28 ақпанынан бастап күшіне енеді.