
Түрікменстанның «ақылды» Аркадаг қаласында «халықты тазарту» науқаны жүріп жатыр. Жұмыссыздар мен тіркеуі жоқтар дереу кетуі тиіс.
Бұл қала Ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердымухамедов бастамасымен салынған.
The Times of Central Asia хабарлауынша, жергілікті билік қалада ресми жұмысы жоқ тұрғындарды анықтау үшін пәтерлерді тексеріп жатыр.
Бейресми ережелерге сәйкес, Аркадагтың «тиісті» тұрғыны ресми түрде жұмыспен қамтылып, нақты тұратын жері бойынша тіркелуі тиіс. Бірге тұруға тек ең жақын туыстарға – жұбайларға, балаларға және ата-аналарға ғана рұқсат етіледі. Ағайын-туыс, соның ішінде аға-інілер, әпке-сіңлілер және алыс туыстар бір пәтерде тұрса, оларды көшіруі мүмкін.
Қалада жұмысқа орналасқан, бірақ уақытша ағасы немесе әпкесінің үйінде тұратын адам тұрақты тіркелген жеріне қайтып, күн сайын жұмысқа қатынауға міндеттелуі мүмкін. Студенттерге тек жатақханаларда тұруға рұқсат етіледі. Ал туыстарымен, тіпті жақын отбасы мүшелерімен бірге тұруға тыйым салынған.
Аркадагта тұрғын үйді заңды түрде жалға алу мүмкін емес. Жылжымайтын мүлік иелеріне пәтерді жалға беруге рұқсат берілмейді. Бұл бейресми жалдау нарығының қалыптасуына әкелген.
Соңғы жылдары осындай жағдай Ашхабад қаласында да тіркелген.
Мұның алдында Түркіменстанда дәрігерлерді, медбикелерді және басқа да медицина қызметкерлерін мақта теруге мәжбүрлеп шығарғаны белгілі болды.