Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубы жекеменшік басқаруға өтеді

Көкшетау қаласының «Оқжетпес» футбол клубы жекеменшік қол өтеді. Команданы Ақмола облысының агроөнеркәсіп өкілдері құрған қоғамдық қор қолдайтын болады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды.
Журналистің жазуынша, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары «Оқжетпес» клубын бірлесе қолдауға шешім қабылдады. Осы мақсатта арнайы қоғамдық қор құрылып, оған Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр жетекшілік етеді. Жобаның басталуына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ресми түрде жол ашқан.
Осылайша «Оқжетпес» Қазақстан Премьер-лигасында бюджеттік қаржыландыруы қысқаратын жетінші клуб болды.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін қазақстандық футболды дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұл бастаманы бірқатар кәсіпкерлер қолдап, жаңа маусым алдында алты клуб жеке компаниялармен әріптестік орнатты. Қазірдің өзінде «Ордабасы», «Шахтер», «Жеңіс», «Ақтөбе», «Қызылжар» және «Қайсар» командалары жеке сектордың қаржыландырылуына өтті.