
Италиядағы қысқы олимпиадада мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіске жеткеннен кейін, Қазақстанда чемпионның елге қашан оралатыны туралы сұрақтар көбейіп кетті.
Михаил Шайдоров елге 21 ақпаннан кейін оралады. Олимпиада чемпионы атанған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жарыстан кейін бірқатар шараларға қатысады. Бұл туралы журналист Аслан Қаженов мәлімдеді. Оның айтуынша, Михаил 21 ақпан күні Миланда өтетін гала-концертте өнер көрсетеді.
«Қазір Олимпиада чемпионы арнайы шоу бағдарламасын дайындап жатыр. Гала-концерттен кейін спортшы Қазақстанға оралады», – деді Қаженов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шайдоровтың сәуір айында Алматыда өнер көрсететінін жазған едік.