
Астана соты бұрынғы сенатор және кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің бірнеше ірі компаниядағы үлесіне шектеу қойған. Мұны Shishkin_like телеграм-арнасының редакциясы анықтаған.
Бұл шешім Нығматулиндер әулетінің өкілдеріне қатысты жүріп жатқан ауқымды тергеу амалдары аясында қабылданды.
Ерлан Нығматулиннің бұғатталған активтері
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты былтыр жыл соңында кәсіпкердің төрт бірдей компаниядағы үлесіне шектеу қойған. Олардың қатарында мына кәсіпорындар бар:
- «Asia FerroAlloys» және «Ekibastuz FerroAlloys»: ферроқорытпа шығаратын ірі металлургиялық жобалар. Бұл кәсіпорындар кезінде Қазақстанның Даму Банкінен (ҚДБ) 110 млрд теңгеден астам несие алған.
- «Qaz Enrichment» көмір байыту фабрикасы. Кәсіпорынның салық төлемдері 2025 жылға қарай тоқтап қалған.
- «Каражыра» АҚ: Семей маңында көмір өндірумен айналысатын кәсіпорын. Нығматулиндер бұл компаннияның 10% үлесіне иелік етеді.
Сот істің жабық режимде қаралуына байланысты шешімнің нақты себептері ашып айтылмаған. Бұл коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларға қатысты болуы мүмкін. Айта кетерлігі, кәсіпкердің «YDD Corporation» компаниясындағы үлесі әзірге бұғатталмаған.
Ерлан Нығматулинге қатысты тергеу амалдары қарағандылық кәсіпкерлердің арызы бойынша басталған. Олардың айтуынша, Нығматулин көлік компаниясы мен танымал брендтің дүкенін бопсалау арқылы тартып алған.
Бас прокуратура тергеу құпиясына сүйеніп, нақты мәртебені растамаса да, оның бопсалау және адам бостандығын заңсыз шектеу істері бойынша күдікті ретінде өтіп жатқаны туралы ақпарат бұған дейін БАҚ-та жарияланған болатын.
Арғын Нигматулинге іздеу жарияланды
2025 жылдың наурыз айында Ерлан және Нұрлан Нығматулиннің бауыры – Арғын Нығматулинге ресми түрде іздеу жарияланды. Ол Қарағанды облысындағы хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Ұзақ жылдар бойы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарып, 2024 жылы клубты мемлекет меншігіне қайтарған болатын. Қазіргі уақытта іздеу шараларын ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.
Нұржан Нұрлановқа қатысты тергеу жүріп жатыр
Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы — Нұржан Нұрланов та тергеу нысанасына ілікті. Ал істің қозғалуына кәсіпкер Қанат Әміркиннің арызы себеп болған. Бизнесмен шенеуніктің ұлы «Алатаудорстрой» компаниясын тартып алып, қоқан-лоққы көрсетіп, қомақты ақша талап еткенін мәлімдеген.
Қазіргі таңда Бас прокуратура Түркия тарапына құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салып, жауап күтіп отыр.