Жалпы қарыз 43 трлн теңге: қай банктер кредит беру қарқынын арттырды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жалпы несие портфелі 43,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21,3%-ға ұлғайды.
Үздік бестік
Ranking.kz шолуына сәйкес, былтыр несие портфелінің өсу қарқыны бойынша ForteBank айтарлықтай басымдықпен көш бастады. Бұл қаржы институтының несие қоржыны бір жылда 56,9%-ға өсіп, шамамен 3 трлн теңгені құрады.
Банк өз ресурстарын экономиканың түрлі секторларына теңдей бөлуге тырысқан: берілген қарыздардың 40,9%-ы жеке тұлғаларға бағытталса, 32,9%-ы ірі бизнеске, ал 25,3%-ы шағын және орта кәсіпкерлікке берілген.
Өсім қарқыны бойынша екінші орынға портфелін 39,2%-ға ұлғайтып, 1,6 трлн теңгеге жеткізген Bank RBK жайғасты.
Одан кейінгі үштікті 35,4%-дық көрсеткішпен Freedom Bank түйіндесе, Kaspi Bank пен Банк ЦентрКредит сәйкесінше 33,4% және 18% өсіммен үздік бестіктің қатарынан көрінді.
«Халық банк» берген кредит 30 пайызды құрайды
Дегенмен берілген кредит үлесі босында көш басында Halyk bank келеді. Жалпы рәсімделген несиенің 30 пайызын осы банк берген. Одан кейінгі екінші орында Kaspi bank тұрақтаған.
Бұл қаржы ұйымының кредит нарығындағы үлесі – 18.6 пайыз. Банк ЦентрКредиттен алынған кредит көлемі жалпы нарықтың 10,9 пайызын құрайды.
Жалпы алғанда, еліміздегі 21 банктің 16-сы несие беру көлемін арттырып, нарықтағы оң динамиканы сақтады.
Халықтың алған кредиті көп
Банктердің жалпы 43,5 трлн теңгелік несие портфелінің құрылымына үңілсек, негізгі үлес жеке тұлғаларға тиесілі екенін көруге болады. Халыққа берілген несиелердің жалпы сомасы 24,8 трлн теңгені құраса, заңды тұлғаларға, яғни бизнес секторына 16,4 трлн теңге қарыз берілген.
Сонымен қатар, қаржылық ұйымдарға бағытталған қарыздардың көлемі 1,1 трлн теңгеге тең болды.
Несие көлемінің өсуімен қатар, оның сапасы да маңызды көрсеткіш болып қала береді. Төлемі 90 күннен асқан проблемалық несиелердің үлесі жалпы портфельде 3,6%-ды құрады.
Бұл өткен жылғы 3,1%-бен салыстырғанда біршама өскенін көрсеткенімен, жүйелі тұрақтылыққа қауіп төндіріп тұрған жоқ.
2025 жылы Қазақстанның банк секторында тұтынушылық несие беру қарқыны саябырлады. Ақшаның қымбаттауы, қатаң реттеуші талаптар мен салық жүктемесінің өсуі бөлшек несие нарығына тікелей әсер етіп, банктерді тәуекелге бармай, сақ қимылдауға мәжбүрледі