Онлайн-казинодан дропперлердің шотына 3,1 млрд теңгеден астам қаражат түскен

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ойыншылар Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы тартылған / фото: KursivMedia мұрағаты
Ойыншылар Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы тартылған / фото: KursivMedia мұрағаты

Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі Рантик Бахтияр Оглына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Оған заңсыз онлайн-казино түрінде ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдік келтіріліп отыр.

Мыңнан астам құмар ойыны

Платформаның жұмысы үшін мыңнан астам құмар ойын түріне қолжетімділік беретін «bingo37.pro» сервисі пайдаланылған. Олардың қатарында «Crazy Monkey», «Keno», «Euro Game» және басқа да танымал ойындар бар.

Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүзеге асырылған. Онда жарнамалар, фото және бейнематериалдар, акциялар мен бонустық бағдарламаларға қатысу туралы ұсыныстар таратылған.

«Пайдаланушыларда оңай әрі жылдам ұтысқа ие болу мүмкіндігі бар деген түсінік қалыптастырылған. Ақша аударылғаннан кейін ойыншыларға ойын платформасына кіру үшін логиндер мен құпиясөздер берілген», – делінген ақпаратта.

Грузин және тәжік дропперлері тартылған

Ойыншылардан ақша қабылдау және қаржы ағындарын жасыру үшін күдікті «дропперлерді» – Грузия мен Тәжікстан азаматтарын тартқан. Олар Қазақстан Республикасының аумағына арнайы келіп, банктік шоттар мен абоненттік нөмірлерді рәсімдеген. Бірақ кейін оларды өздері пайдаланбай, ұйымдастырушыға қолжетімділік берген.

Нәтижесінде дропперлердің атына тіркелген шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Қымбат көліктер тәркіленді

2025 жылдың тамыз айында Бахтияр Оглы Р.-ға халықаралық іздеу жарияланып, сот сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.

Сонымен қатар, мүлікті жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлікке – Porsche Cayenne және Lexus GX 460-ге қатысты сотқа дейінгі тәркілеу бастамасы көтерілді. Сот қаулысымен аталған автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Тергеу жалғасуда.

Айта кету керек, Алматы облысында дропперлік үшін алғаш рет қылмыстық іс қозғалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз