Ораза кезінде сергек жүру үшін ауызашарда қандай тамақ жеу керек

Жарияланды 18 Ақпан 2026 16:13

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: ЖИ арқылы жасалған

Оразада дұрыс тамақтану өте маңызды. Өйткені күні бойы тамақсыз жүргеннен кейін, қандағы қант деңгейі төмендеп ағза әлсірейді. Нутрициолог Райхан Иманбайдың кеңесі бойынша, ауыз ашудың ең жақсы тәсілі – құрмамен бастау.

Құрмамен ауыз ашу – Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) сүннеті әрі ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдіс. Құрма тез сіңетін қанттарға (фруктоза, глюкоза) бай, сондықтан қандағы қант деңгейін бірден қалыпқа келтіреді, энергия береді және ағзаны тез қалпына келтіреді.

Нутрициологтың айтуынша, бірінші кезекте – 1-3 дана құрма жеп (әдетте 1-3 дана жеткілікті), сосын кемінде 250 мл жылы су ішкен дұрыс. Бұл ағзаны ылғалдандырады, ас қорыту жүйесін жеңілдетеді және құрмадағы қанттың әсерін жақсартады.

Бірінші жеңіл тамақтан бастаған жөн.

  • Жеңіл сорпа (көкөніс сорпасы, аз майлы ет сорпасы) – сұйықтық пен аминқышқылдар береді, асқазанды дайындайды.
  • Көкөніс салаты (қияр, қызанақ, жасыл жапырақтар, аз зәйтүн майымен) – көлемі көп, бірақ калориясы аз, артық жеп қоюдан сақтайды және тоқтық сезімін ұзақ сақтайды.

Негізгі тамақты – бірте-бірте, асықпай жеңіз:

  • Ақуыз көздері: пісірілген ет, балық, тауық, жұмыртқа.
  • Күрделі көмірсулар: күріш, қарақұмық, бұршақ дақылдары, көкөністер.
  • Майлы және қуырылған тағамдарды шектеңіз – олар ас қорытуын нашарлатады, ауырлық сезімін тудырады.

Не ішпеу керек:

  • Қара шай мен кофе – диуретикалық әсері бар, ағзаны сусыздандырады.
  • Тәтті сусындар, газдалған сулар, ауыр майлы тағамдар.

Қатты тойып жемеңіз

Ауызашарда құрма мен су ішіп алғаннан кейін, бірден ауыр тамаққа отырмаңыз. Алдымен намаз оқып немесе 10-15 минут серуендеп, содан соң негізгі асқа отырыңыз. Бұл ас қорыту жүйесіне жеңілдік береді және артық тамақтанудың алдын алады.

Ауызашар дастарқаны қандай болуы керек

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ауызашар өткізудің әдебіне қатысты мәлімдеме жасаған.

ҚМДБ ауызашарды ас та төк ысырапқа айналдыру, дастарқанды байлық пен бәсекеге құру дұрыс еместігін баса айтты. Ауызашар беруде шектен тыс ысырапқа жол бермеу, қарапайымдылықты сақтау және мұқтаж жандарға көбірек көңіл бөлу қажет.

Қарапайымдылық: Дастарқанды тек қажетті әрі жеңіл тағамдармен жабдықтау. Өте қымбат мәзірлерден бас тартып, қарапайым әрі қолжетімді ауызашар ұйымдастыру.

Ысырапқа жол бермеу: Тамақты шектен тыс көп алып, кейін оны ысырап етпеу. Ауызашарға арналған тағамдарды қажет мөлшерде дайындау немесе қалдықтарын мұқтаж жандарға тарату.

Мұқтаж жандарға көңіл бөлу: Ауызашарды тек таныстар мен жақындарға ғана емес, шын мұқтаж жандарға да арнау. Жетімдерге, қарттар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету.

Бұған дейін, сәресіде қандай тамақ жеу керектігін жазған едік. Еске сала кетейік, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталады. 18 ақпан күні құптан намазынан кейін алғашқы тарауық намазы оқылады.

Ораза кезінде құрма сатып алғанда да сақ болу керек. Құрманы қалай таңдау керектігін мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз