Жаңалықтар

Пайдалы қазбалардан түскен салық ақшасы ауылдық округтердің бюджетіне берілді

Фото: shutterstock

2026 жылдан бастап жерасты сулары мен емдік балшықтар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы ауылдық округтердің бюджеттеріне берілді.

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторларға берген жауабында баян етті. Оның мәліметінше, бүгінгі күні ауылдық округтердің бюджеттері 25 түрлі салықтық және салықтық емес түсімдер, сондай-ақ аудандық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен құралады.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық деңгейдегі бюджеттерге іс жүзінде 442,3 млрд теңге түскен. Оның ішінде меншікті кірістер 147,0 млрд теңгені немесе бюджеттің жалпы көлемінің 33,2 пайызын құрайды. Қазір 2025 жылғы түсімдерге әрбір ауылдық округ бөлінісінде талдау жүргізілуде. Кіріс базасын кеңейту мақсатында 2026 жылдан бастап кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары мен емдік балшықтар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы ауылдық округтердің бюджеттеріне берілді», – делінген жауапта.

Бұл мәселе бойынша жұмыс тобы кейбір салық түрлерін жергілікті бюджетке көбірек қалдыруды ұсынып отыр.

Атап айтқанда:

  • заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлейтін мүлік салығының 50 пайызына дейінгі бөлігін;
  • кейбір қызмет түрлерімен айналысуға берілетін лицензиялар үшін төленетін алымды толық көлемде аудандық, қалалық деңгейдегі (IV деңгей) бюджетке беру қарастырылуда.

Осы түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметтің тиісті қорытындысы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігіне келісуге жіберілген. Аталған түзетулер қабылданса, ауылдық округтердің бюджеттеріне 240 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдер түседі.