Қамшыбек Тәшиевтің жақтасы қамалды

Қырғыз МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің жақтаушысы Нұрғазы Анаркулов Бішкектің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Kaktus.media хабарлауынша, күштік құрылым қызметкерлері Анаркуловты 17 ақпанда Қырғызстан шекарасында ұстаған. Алайда басқа деректерде оның Ыстанбұл қаласында ұсталғаны айтылып жатыр.
Сондай-ақ Анаркуловтың үйінде тінту жүргізілген. Содан кейін ол Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
2021 жылдың қаңтарында Анаркулов Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезінде арнайы қызмет тарапынан аса ірі көлемде пара бопсалады деген күдікпен ұсталған болатын.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, тағайындауға жәрдемдескені үшін жоғары мемлекеттік лауазымға үміткерден ақша талап еткен. Кейін ол атқарып отырған қызметінен босатылды. Біраз уақыт өткен соң босатылғаны хабарланды.
Айта кететін жайт, бес жыл бойы Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылды. Қырғыз президенті Садыр Жапаров оның жақтастары ел ішіне жік түсіре бастағанын мәлімдеген. Парламент депутаттары ел бірлігі үшін екі тұлғаны сабырға шақырған.