Қазақ ғылымының жағдайы қалай: SCImago зерттеуіндегі Қазақстан

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы қаласындағы кітапхана және студент
фото: shutterstock

SCImago сараптама платформасы әлем елдерінің ғылыми белсенділігі туралы зерттеуін жариялады. Халықаралық рейтингте Қазақстан 243 ел мен аумақ ішінде 69-орынға тұрақтады.

Қай елдің ғылымы дамыған

Ұйым зерттеуі түрлі ғылыми еңбектердің саны мен сапасына негізделген. Көш басында АҚШ тұр. Америкалық ғалымдар 1996-2024 жылдар аралығында шамамен 17 млн зерттеу жариялаған.

Одан кейінгі орынға Қытай көтерілді. Аспан асты елінің ғалымдары ғылыми белсендігі жөнінен Құрама Штаттарды өкшелеп келеді. Үшінші сатыға Ұлыбритания жайғасты.

Алғашқы бестікке Германия мен Жапония да кірді.

ТМД және Орталық Азия

Бұрынғы совет елдері арасында Ресей жоғары нәтиже көрсетті – 12-орын. Ал Украина 43-сатыда тұр. Қазақстан бұл рейтингте Литва (63) мен Эстонияны (68) да алға жіберіп алды. Есесіне қазақ ғылымы Орталық Азия елдері ішінде ең жоғары көрсеткішке ие болды: Өзбекстан – 83, Қырғызстан – 130, Тәжікстан – 147, ал Түркіменстан 191-орында тұр.

«Осы көрсеткіш ғылымды қаржыландыру деңгейі, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, кадрл әлеуеті, халықаралық ғылыми ықпалдастық дәрежесі және ғылыми зерттеулер сапасындағы айырманы айқын көрсетеді», – деп есептейді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Қазақ ғалымдарының белсенділігі

Зерттеу мәліметіне қарағанда, қазақ ғалымдары 28 жылдың ішінде шамамен 65 мың зерттеу жариялаған. Олардың саны 2011 жылдан кейін айтарлықтай көбейгенін байқауға болады. Қазақстанның ғылыми белсенділігі әсіресе Азияда әлдеқайда жоғарылаған.

SCImago ғылым белсенділігі

Техникалық ғылымдар саласында зерттеулер көп жарияланып жатқаны қуантады. Мәселен, 2024 жылы инженерия тақырыбында 1779 еңбек жарық көрген.

Бұған қоса, информатика саласындағы белсенділік ерекше көзге түседі – екі жыл бұрын 1277 еңбек жарияланған. Физика және астрономияның үлесі жоғары – 1303.

Ал ең көп еңбек жарияланған сала – әлеуметтік ғылымдар. 2024 жылы осы салады 1979 еңбек жарық көрген.

Дегенмен белсенділік тіпті байқалмайтын салалар да жетерлік. Олардың қатарына неврология, стоматология, иммунология және микробиология, фармакология, таксикология, фармацевтика және басқалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз