Жаңалықтар

Қазақстанда зауыттардан гөрі сауда орталықтары көп салынады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Серикжан Ковланбаев

Былтыр елде 5,4 мыңнан астам жаңа кәсіпорын, мектеп, аурухана, сауда орталығы және өзге де тұрғын емес нысан пайдалануға берілген. Осылардың ара-жігін, Қазақстанда қандай нысан аз салынып, қайсысы көп салынып жатқанына finprom.kz назар аударып, талдау жасаған.

Инвестиция көлемі

5,4 мың нысан – 2024 жылмен салыстырғанда 33,7%-ға артық. Ұлттық статистика бюросының көпжылдық деректері 2021 жылдан бері көрсеткіштің тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды. Пандемия кезеңіндегі үзілістен кейін мемлекет пен бизнес даму жоспарларын қайта жандандырған.

«Тұрғын емес нысандардың ақшалай көлемдегі өсімі айрықша назар аударарлық: 2024 жылғы 3,2 трлн теңгеден өткен жылы 17,7 трлн теңгеге дейін жеткен. Яғни өсім шамамен алты есеге жуық», – делінген шолуда.

Ірі өндірістік жобалар

Мұндай серпінге екі негізгі фактор әсер еткен.

Біріншісі – 2025 жылы ірі әрі бірегей өнеркәсіптік жобалардың іске қосылуы. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы уран және торий кенін өндіретін кәсіпорын (Қазатомөнеркәсіп пен француздық Orano компаниясының бірлескен жобасы), Алматы облысындағы вольфрам-молибден кенін өндіру және байыту зауыты, сондай-ақ Атырау облысындағы жаңа мұнай нысаны. 2024 жылы мұндай ауқымды өндірістік жобалар болмаған.

Екінші фактор – әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға бағытталған мемлекеттік қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерге бөлінген қаражат 6,3 есе, республикалық маңызы бар автожолдарға – 3,7 есе, ал дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне 5 есе артқан. Сонымен қатар статистикалық есептеулер нысанның тек бір жылдық емес, құрылыс басталған сәттен бергі жиынтық шығындары негізінде жасалатынын ескерген жөн. Яғни бірнеше жыл салынған зауыттың толық құны пайдалануға берілген жылға есептеледі. Кейбір жаңа нысандар бойынша деректер құпиялылық талаптарына байланысты жарияланбайды.

Сауда орталықтары өндірістен басым

Соңғы жылдардағы санаттық құрылым бір маңызды үрдісті көрсетеді: пайдалануға берілетін нысандардың басым бөлігі сауда саласына тиесілі. Көп жағдайда олардың саны өнеркәсіптік кәсіпорындардан 2–3 есе асып түседі. Бұл бизнес басымдықтарының сауда жылжымайтын мүлкінен өндірістік секторға айқын түрде ауыспағанын аңғартады.

Жаңа пайдалануға берілген нысандар саны бойынша көшбасшылық сауда секторына тиесілі болды. Түрлі сауда-ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, жабық базарлар және өзге де сауда кәсіпорындары өткен жылы 677 бірлікке жетті. Олардың жалпы құны 223,9 млрд теңгені құраған. Сауда-ойын-сауық орталықтарының саны бір жылда шамамен 1,5 есе артса, нақты инвестициялық құны 75,6%-ға өскен.

АӨК қарқыны

Агроөнеркәсіп кешені нысандары да қарқынды өсім көрсетті: бұл санаттағы өсім 93,2%-ды құрады. Бір жыл ішінде елде шамамен 600 жаңа АӨК нысаны іске қосылды. Атап айтқанда, бес құс фабрикасы, төрт жылыжай, екі астық элеваторы, 31 мал шаруашылығы кешені және 14 көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілген.

Білім мен медицина

Пайдалануға берілген нысандар саны бойынша үшінші орын білім беру және денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Елде бір жылда 529 мектеп, балабақша, жоғары оқу орны мен аурухана салынды. Соның ішінде 234 мектептің құрылысына шамамен 1,4 трлн теңге жұмсалған. Ал 2024 жылы небәрі 86 мектеп пайдалануға беріліп, олардың жалпы құны 218,9 млрд теңгені құраған. Мұндай айырмашылық, ықтимал, құрылыс жобаларының толық инвестициялық циклі бойынша есептелген жинақталған қаржы әсерімен байланысты болуы мүмкін.