«Қазмырышқа» ие шетел компаниясының жылдық табысы азайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Glencore мен Қазмырыш
Glencore табысы екі жылдан бері азайып келеді / коллаж: Kursiv.Media

Швейцариялық Glencore компаниясы бір жылдық табысы азайғанын хабарлады. Себебі әлем нарығында көмір бағасы түсіп кетті. Бұл туралы Kursiv.Media Bloomberg мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

«Қазмырыш» компаниясы акцияларының 70%-ын ұстап отырған Glencore 2025 жылы 13,5 млрд доллар табыс тапты. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 6%-ға аз.

Компания екі жыл бұрын да 1,6 млрд доллар шығынға батқаны мәлім. Сол кезде де Glencore көрсеткіштердің төмендеп кетуін көмірдің арзандауымен түсіндірген.

Соған қарамастан швейцариялық компания акционерлерге 2 млрд доллар қайтаратынын мәлімдеді. Оның ішінде 800 млн доллар көлемінде қосымша дивиденд бар.

Шамамен екі апта бұрын Glencore мен Rio Tinto Group арасындағы келіссөз сәтсіздікке ұшыраған. Тараптар сыйақы көлеміне келісе алмаған. Сөйтіп әлемдегі ең ірі тау-кен компаниясы құрылмай қалған.

Rio Tinto швейцариялық компаниясы сатып алу арқылы өндірісті ұлғайтқысы келген. Оның үстіне кейінгі жылдары нарықта мыс бағасы шамамен 35%-ға көтеріліп, Glencore активтерінің құнын арттырған.

Bloomberg мәліметінше, инвесторлар Glencore қызметін жіті бақылап отыр, өйткені оның өндірісі қысқарып барады. Бұған көмірдің арзандауы да себеп болды.

Швейцариялық компанияның Қазақстандағы активін сату жөнінде бейресми келіссөз жүргізіп жатқаны 2025 жылдың ақпанында мәлім болған. Сол кезде мырыш, қорғасын және алтын өндірумен айналысатын «Қазмырыш» шамамен 5,1 млрд долларға бағаланған. Биыл Glencore Қазақстандағы активін сатады деген әңгіме тағы айтыла бастады.

Сондай-ақ оқыңыз