Психолог: Қоғам агрессиямен жұмыс істеп үйрену керек

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock

Соңғы екі апта ішінде Қазақстанда балаларды ұрып-соқты, терезеден лақтырды деген тәрізді жаңалықтар ақпарат кеңістігінде бірінен кейін бірі шықты. Бұл бір мезетте болған құбылыс па? Не себеп? Осы туралы Kursiv Media тілшісі Қазақстандағы Психоанализ қауымдастығы президенті Гүлжан Қалиқызымен сөйлескен еді. Психологияда 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман балалармен, ересектерге де психологиялық көмек көрсетеді. Оның ішінде балалар зорлығы, педофилия тақырыбында көп жұмыс істеген.

Гүлжан Қалиқызы, соңғы уақытта балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар жиілеп кеткендей. Бұл расында жағдайдың ушығуы ма, әлде бұрын да бар, тек қазір ашық айтыла бастаған құбылыс па?

Екеуі де деуге болады. Балаға зорлық-зомбылық көрсету әрдайым болған нәрсе, бар нәрсе. Бірақ ол үнемі үй ішінде, есік артында қалатын. Сыртқа айтылмайтын, көршілер көз жұма қарайтын. Әлеуметтік желі келген соң айналамызды жаппай камераға түсіретін болдық. Ақпарат құралдары ондай жағдайларға қатты көңіл бөліп жатыр. Мұндай зорлық-зомбылықтың көбеюіне қоғамдағы стресс, хроникалық уайымшылдықты жатқызуға болады. Қазір әлемде экономикалық күйзеліс, дағдарыс жүріп жатыр. Оның бәрі адамның жүйке жүйесіне әсер етпей қоймайды. Адамға сыртқы қауіп төніп тұрғанда, «болашағым қандай болады, мен кім боламын» деп үнемі уайым-қайғыда жүргенде туабітті, жақсы қасиеттері жоғала бастайды. Алкоголизм, есірткіге құмарлық, лудомания, отбасылық жанжалдар – осының бәрі зорлық-зомбылықтың сыртқа шығуына әсерін береді.

Оған қоғам ретінде, мемлекет ретінде, ата-ана ретінде әркім өз деңгейінде жүйелі түрде жауап қайтаруы керек. Бізде керісінше «мұндай болмаған, бізде жоқ, қайдан келді» деп қажет емес нәрселерге уақыт пен энергия жұмсап жібереді. Себебі қоғамда ұят көп, ішкі кінә көп. «Ұят болады, жап, көрсетпе» деген нәрсе көп.

Мұндай кезде психологиялық көмек керек. Оның де екі жағы бар. Көмек бар, бірақ оны алуға адам қорқады, алып үйренбеген, сенбеген. Ал кейбіріне көмек қажет, бірақ тапшы. Қалада жақсы психологиялық көмек табуға болады, оның өзінде іздеу керек. Ал ауылды жерде мүлде дерлік жоқ, ауыл тұрғындары ішкі күйзеліспен қалып қояды.

Баланы ұрып-соғып, оны видеоға түсіретін контентке қоғам қалай реакция білдіру керек? Оны жаппай бөлісу қаншалықты дұрыс?

Сондай видеолар шыққанда көпшілік жаппай таратып жібереді, иә, таратылуы керек. Бірақ зияны тиетінін де ұмытпау керек. Контент өмір бойы желіде қалып қояды. Ертең бір жылдан кейін, он жылдан кейін ол қайта таралуы мүмкін ғой. Сол үшін видеодағы адамдардың, балалардың бетін жауып, аты-жөнін жасырып қою керек. Ауылды жерде көпшілігі бір-біріне жақсы таныс, кейде видеодағы үйдің бір жиһазынан-ақ тани салады. Сондықтан көпшілікке тарататын кезде әр жағдайға байланысты адам ойлану керек. Балаға жасалған қорлықты таратам деп емес, оның артындағы мәселеге үңілген дұрыс.

Әлеуметтік желілер мен медиаконтент агрессияның қалыптасуына әсер ете ме?

Агрессивті болып кетеді деп біржақты қарамауды ұсынамын. Агрессия бірнәрсенің әсерінен емес көп дүниенің әсерінен болады. Оның таралуына да себеп болатын фактор көп. Кей адам болады, ашу-ызасын баса берген, іші әбден негативке толып қалған. Ол зорлық-зомбылық жасалған видеоны көргенде рахаттануы мүмкін және сол үшін тарата түседі. Немесе басқа бір адам балалық шағында сондай зорлықты басынан кешіреді. Ол әлімжеттік көрген баланың жағдайын, жан жарақатын түсініп тұрады. Соны құтқарамын деген ниетпен әлгі видеоны одан әрі таратып жібереді. Сондықтан сіз зорлық-зомбылық видеосын көргенде, алдымен өзіңізден сұраңыз. Мен не сезініп тұрмын, бұл жайлы не ойлаймын? Неге мұны жариялағым, ары қарай таратқым келеді? Немесе мұны ары қарай таратпауға не бөгет болып тұр? Осы сұрақтарды қою керек.

Ал агрессия ол жоқтан пайда бола салатын нәрсе емес. Яғни адам агрессивті болып кетті десе, демек ол ішінде бар болған.

Біздің ішімізде не бар, сол жарыққа шығуға талпынады.

Агрессивті, агрессиясы көп десек, ол бір кездері іштегі сезімдермен жұмыс істемеген. Ашумен жұмыс істей білу өте маңызды. Қайшымен қағаздарды жырт немесе әлдебір ойыншықты мыжы. Бастысы, жаныңыздағы адамдарға зиян тимейтіндей шығару керек. Ал мұны балаға әке-шеше үйретуге тиіс. Бізде керісінше ашуланған балаға «сөз қайтарма, маған сөйлеме, тыныш отыр» деп баса түсеміз. Содан эмоциясын шығаруға қорқатын, өзінен басқа ешкімге күші жоқ, ашуланбайтын, агрессиясын ішінде жинап өскен тұлға өседі. Бірақ ол үнемі іште тұра бермейді. Шәйнек қайнаған кезде бұрқылдап, суы төгіліп, қақпағы қолыңды күйдіріп жібереді ғой. Ашуын тыйып ұстап жүрген баланың агрессиясы солай атылуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының эмоциясын танып, агрессиясын шығаруға көмектесе білуі маңызды. Ол механизм болмаса, агрессиясы ерте ме, кеш пе өзінен кіші әлсіздерге шығарады. Өзін агрессормен теңестіру деген осы жерден пайда болады. Яғни, мені ұрды, менде ұрамын дейді.

Ашу-ызасыз адам жоқ. Ол біздің туабітті қасиетіміз. Агрессияның да көмектесетін жақтары бар. Өзімізді, шекарамызды қорғайтын кезде, баланы, отбасыны сақтап қалатын жағдайда ашу-ызаның бір бөлігі керек. Ал ешқашан шықпайтын болса, тек тыйыммен шектелсе, онда өте қиын. Агрессияны басқан сайын адамның өзіне қарай ұмтылады. Өзін жек көріп кетуі, махаббат бере алмауы мүмкін. Өз-өзін бағалауы өте төмен болыап, суицидке ұмтылады. Ал кейде керісінше өзі агрессор болып шығады. Маған тыйым салуына рұқсат бермеймін деп өзгелерге билік жүргізеді.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Кейбірі менің ата-анам олай жасамаған, пәк деп ақтауы мүмкін. Иә, ата-анаңыз пәк болған шығар. Бірақ сіздегі ашу-ыза мәдениеті қайдан пайда болды? Олар сізге агрессияны көрсетпесе де, бірақ сіздегіні байқамай қалуы мүмкін. Кейде адамның өзі де іштегі агрессияны байқамай қалады. Оны алдын-алудың жолы қандай? Әлбетте, психологпен жұмыс істеу керек. Кей адамдар кітап оқиды, подкаст тыңдап, сұрақтарына жауап табады. Ал кей адамға психолог көмегі міндетті түрде керек.

«Ауыр депрессиядағы адамның баласын лақтыруға шамасы болмайды»

Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның сөзінше, баласын терезеден лақтырды деген ана бұрын ауыр депрессиямен ауырған екен. Депрессияда болып баласына ондай қиянат жасауы қалыпты ма? Әлде қанша жерден депрессия да болса да, зорлыққа бармайтын аналар бола ма?

Өте дұрыс сұрақ қойдыңыз деп ойлаймын. Адам баласына ақ, қара деп бөлген оңай. Мынау депрессияда, сондықтан солай жасады деп ақтай салған жеңіл. Бірақ шындығында олай емес. Депрессияның қабаттары, психологияға әсер ететін факторлар өте көп. Кейбірі айналасындағы адамдардың қысымымен «жаман әйелмін, жаман адаммын» деген ойда жүреді. Кейбірі керісінше әлі мінсіз бола алмай жатырмын деп перфекционизмге ұмтылады. Отбасында жағдай қалай екен, көмектесетін, түнде ұйықтай бер дейтін адамы бар ма екен? Бәлкім түнімен ұрып-соғып, тамақ қайда, бала неге кір-қожалақ деп намысына тиетін шығар. Мұның барлығы да депрессияға әсер ететін факторлар. Тек депрессия емес көптеген психологиялық ауытқушылықтар да тұрады артында. Тіпті оның мыңдаған түрі бар.

Нағыз ауыр депрессияға шалдыққан адамның баласын терезеден лақтырмақ түгілі төсектен тұруға шамасы болмайды. Баласын лақтырған адам ол шынайы өмірді түсінбейді. Тек ашу-ызамен, алдындағы адамды жек көрудің арқасында сондай әрекетке баруы мүмкін. Әлбетте, сау адамның жасайтын әрекеті емес, психоз, ауытқушылықтан болатын дүние. Сондықтан бұл жерде жан-жақты қарау керек, тек депрессия деп диагноз қоя беру дұрыс емес.

Осы жерде Медея синдромы туралы сұрағым келіп отыр. Күйеуіне ашуланып, баласын өлтірген грек кейіпкері жайлы психологияда да ұғым бар емес пе?

Иә, Медея синдромы деген бар. Медея – ежелгі грек мифологиясындағы кейіпкер. Аңыз бойынша, күйеуі опасыздық жасағаннан кейін, ол кек алу үшін өз балаларын өлтіреді. Бұл психологияға да енген. Қызғаныш туындап, соның кесірінен басқаны жазалап, одан бір сәтке рахат алады. Әр ананың ішінде бір Медея жатыр, мәселе біз оны танимыз ба деген сұрақта. Аңыздағы Медея қызғанышты, жалғыздықты, сатқындықты көтере алмайды. Өзі жалғыз қалмас үшін баласын өлтіріп, күйеуін де жалғыз қалдырады. Сол сәтте рахат импульсі келеді.

Әр әйелде күйеуіне ашу болып, оны жазалау керек деген ой туындауы мүмкін. Бірақ оны дұрыс ойға ауыстыра алмаса, салдары ауыр болады. Мені жаралады, менде жаралаймын деп баласынан өшін алады. Оның санасы өшіп қалып, психозға түседі, тек импульспен жұмыс істейді. Сау адамда қорғаныс механизмдері болады, ішкі агрессияны ұстап тұратын тор болады. Әйел қатты соққыдан аффект жағдайына түскенде сол механизмнің барлығы, өмірдің саналы жағы өшіп қалады. Ішкі агрессия түрмеден шыққандай еркіндікке шығып, өте ауыр әрекетке барады. Мидағы сыни ойлау бөлігі өшіп қалады немесе олар сигнал жібере алмай қалады. Оның бәрі аффект жағдайында болады. Жалпы адам психикасы әлі зерттелетін, зерттеліп жатқан дүние ғой.

Балаларына зорлық жасады деген екі ананы қылмыстық жауапкершілікке тартып, изоляторға қамады. Біреуі психатриялық орталыққа жатқызды. Ол жерде психологиялық көмек болар, бірақ изоляторда жатқан әйелдерде ондай мүмкіндік бар ма? Оны қылмыстық жауапкершілікке тартты, бірақ мәселе сонымен шешіле ме?

Бізде заң бар, сол заңға, протоколға байланысты жұмыс істейді. Қамауға алады, психатриялық орталыққа жібереді дегендей. Сіздің атап өткеніңіз де орынды. Жоғары айтқандай «ол ұрды, кінәлі, аналық құқығынан айырамыз, түрмеге отырғызамыз» деп жазалай салу оңай.

Бірақ жазалауға құрылған жүйені дұрыс деп есептемеймін. Бізге қамқорлыққа негізделген жүйе керек. Кінәліні қалай жазалаймыз деп емес ол отбасына қалай көмектесеміз, анасына қандай көмек керек, балалар қайда тұрады, қандай туысы қарай алады деген мәселені көтеру керек. Ол жерде психологиялық, әлеуметтік, қаржылай, заңдық мәселелер де қарастырылады. Бала мен анаға психолоиялық көмек керек, ересектеріне жұмыс, балаларға жылы үй табылуы қажет.

Ол жұмыстың барлығы мектеп, балабақшаға дейін тіпті отбасы құрылғанға дейін жасалуы керек. Мәселен, АХАЖ-ға өтініш түсірген жас жұпқа елу сағаттық терапия ұсынды дейік. Екеуі бірге өтіп, бір-біріне қаншалықты сай екенін анықтайды. Ондай жастар біздің орталығымызға да келеді. Біраз уақыт бірге жұмыс істеп психологиялық, эмоциялық жағынан қаншалықты сай екенін анықтайды. Екеуміздің дүниетанымымыз бөлек екен, жұп бола алмаймыз деп қарым-қатынасын тоқтатқандар да бар. Көп дей алмаймын, бірақ осындай жұптар келіп тұрады.

Бірақ мұның барлығы қаражатты, ұзақ уақытты талап ететін жоба. Оған үлкен ресурс керек.

Баласын қинамаса да, тұрмыста, үйде жүргенде ашумен салып қалатын сәттер болуы мүмкін ғой. Сондай болып, артынан өзін кінәлі сезініп жүрген ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

Ана болу – үлкен жауапкершілік, үлкен жұмыс. Оның да бойында сан түрлі сезім болады. «Ашу үстінде баламды ұрып қойдым, қатты сөйлеп қойдым ғой» деп уайымдасаңыз, демек оның өзі дұрыс жолдасыз, жақсы ата-анасыз деген сөз. Ары қарай мен мұнымен не істей аламын деп ойлану керек. Кінә, ұят сезімі болса, оны жаба салмаңыз. Одан әрі баламен сөйлесіп, қажет болса кешірім сұрап, не болғанын түсіндіру керек.

«Мен сені жақсы көремін, балам. Бірақ сол сәтте мен ашуланып өзімді ұстай қалдым, кешір. Егер болашақта менің солай ашуланып тұрғанымды көрсең, өтінемін маған жақындамай-ақ қой», – деп анасы балаға түсіндіру керек. Әрі өзіне де бір ережелер керек. Мен ашуланып тұрғанда балаларыма жақындамаймын, сыртқа шығып кетемін, басқа бөлмеге барамын деген сияқты ережелер жасап алғаны дұрыс. Ең дұрысы – ата-ананың өз агрессиясымен, ашуға себеп болатын триггерлермен жұмыс істеуі. Қандай сәттерде мен ашуланамын, олар қайдан пайда болды деп анықтап, біліп жүрген жақсы. Жолда шұңқыр бар екенін білсек ол жерді айналып өтетініміз тәрізді, өз мінезімізді жақсы танысақ, ашу мен агрессияның алдын алуға болады. Көпшілігі бала дым түсінбейді ғой дейді. Тек төрт-бес жасар бала емес жаңа туған сәбидің түйсігі де өте мықты болады. Сол түйсікпен анасының жақтырмай тұрғанын да, ашуланғанын да сезіп қояды. Сондықтан бала білмейді, түсінбейді демеңіз, ашық айтыңыз. Балаға жарақат үстіне жарақат салғанша, бірден басын ашып алыңыз.

Баланы, өзімді түсінгім келеді, балаға жақсы ата-ана болғым келеді деген адам психолог кабинетіне барады. Ол көмек сұрауға қысылмайды, қысылмау керек те. Бізде өзім жасаймын, өзім істеймін деген мықты қабілет деп есептеледі ғой. Ешкімнен көмек сұрамайды. Тіпті қонақ келіп ыдыс-аяқ жуайын десе де, «ой керек емес, ұят болады, өзім» дейміз ғой. Ал көмекті қабылдай білу де өнер. Өзін түсінетін адам жақындарынан көмек сұрауға ұмтылады. Олар өзінің қолынан келмей жатқанын, үлгермей жатқанын мойындайды. Кей адам енемнің, күйеуімнің кесірі деп өзгелерді кінәлауға бейім тұрады. Себебі басқаларды айыптай салу ең оңай жол. Себебі оның ішінде кінә сезімі көп, сыймай бара жатқанда оны басқаларға артып, басқаларды айыптай жөнеледі.

Әр ата-анаға айтқым келеді, көмек сұраудан қорықпаңыз, шаршадым деп айтуға ұялмаңыз. Жұмыстан, үй тірлігінен, бала қараудан да шаршайды. Біз машина емеспіз, адамбыз, шаршаймыз, күйзелеміз. Сондай сәтте айналасынан қолдау тапқан адам бақытты болады.

Бақытты отбасы ол үнемі ұрыспайтын отбасы емес. Ұрысады, бірақ сол ұрыстан дұрыс шыға білген отбасы – бақытты, үлгілі жанұя.

Ол тәрбие балаларға да дұрыс модель болады. Әке-шешесі ұрысуы мүмкін, бірақ соңы айқай-шу, төбелеске ұласпай, бөлмелеріне кетіп қалып, ақырын сөйлесіп, оңаша шешіп алса – балаға дұрыс модель бересіз. Бала оны көреді, кейін өз отбасында қайталайды.

Ал өзге біреулердің баласын ұрып жатқанын, ұрсып жатқанын көргенде қандай әрекетке бару керек?

Иә, көбінде қорқыныш сезімі, шекараны қою деген дүние іс-әрекетке барудан тыйып қояды. Бірақ адамда шек болу керек. Баласына ұрысса өз шаруасы, бірақ ол шектен шығып, ұрып, зорлық қылып жатса мен араласамын деу керек. Ұрып жатқанын өз көзіңізбен көріп тұрып, жанынан өтіп кету – бассыздық. Жанына барып, баланы арашалап, ары қарай жіберіп әкесінен я анасынан «әй, жаным не болды, келші, кішкене басылшы» деп айту керек. Жай ғана не болды деп сұраңызшы. Бір жылы Ресейде он екі қабатты тұрғын үйлердің ауласында тапа-тал түсте ер адам бір қызды өлтірген екен. Сол қыздың жанұшырған дауысын көршілер естісе де, ешқайсысы полицияға хабарласпаған. Неге? Көрші үйдегі Зина звондаған шығар, төмендегі Дима айтқан шығар деп бір-біріне сілтеп отыра бермеген. Нәтижесінде полицияға бірде-бір қоңырау түспеген.

Психологияда мұны бақылаушы әсері деп атайды. Жауапкершілікті бір-біріне ысырып, ешбір әрекет жасамауы. Бұл өте қауіпті. Жай бақылаушы болып қалмаңыз, көмектесетін жағдай болса бірден кірісіңіз. Жоғары қабатта қатты музыка қойып, шулап жатса тұрбаларды ұрып болсын, белгі береміз ғой. Дәл сол сияқты адамға зорлық жасалған жерде жай ғана өтіп кетпеңіз, араласыңыз.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда балаларды қолдау орталықтары ашылатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз