Софья Самоделкина: Менің елім — Қазақстан (видео)

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина журналистердің Олимпиада ойындары қарсаңында азаматтық ауыстыруына қатысты сауалдарына жауап берді.
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында норвег телеарнасының журналисі Софья Самоделкинадан сұхбат алып, шамамен үш жыл бұрын Қазақстан азаматтығын қабылдаған спортшыдан соның себебін сұрады.
«Әбден жауыр болған тақырып. Қазақстан атынан мұзға шығып жүргеніме екі жыл болды. Менің елім деп есептеймін. Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берген ел. Сол үшін де елге алғысым шексіз«, – деп жауап берді спортшы.
Мұндай жауапқа қанағаттана қоймаған журналист азаматтық ауыстырудың спорттан басқа да себептерін білгісі келді.
«Мен осындай сауалға жауап бергім келмейді. Ол ғана емес, басқа да себептері жетерлік. Күндердің күнінде, бәлкім, айтылып та қалар», – дейді жымия жауап берген бойжеткен.
Софья Самоделкина Ресей азаматтығынан бас тартып, 2023 жылғы тамызда Қазақстан азаматтығын қабылдады. Спортшының анасы Қазақстанда туған. Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы оның жаңа құрама сапында халықаралық жарыстарға қатысуына 2024 жылғы мамырда рұқсат берді.
18 ақпанға қараған түні 19 жастағы Самоделкина Милан мұз айдынында қысқа бағдарламасын өте жақсы бағаға сырғанап шықты.