
Таразда оқушы қызды ұрламақ болған күдіктілер ағайынды нашақорлар екен. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бала құқықтары жөнінде уәкіл Динара Зәкиева айтты.
Мұның алдында Жамбыл облысында 13 жастағы оқушы қызды аялдамада ұрлауға әрекеттенген күдіктілер ұсталғанын хабарлағанбыз.
Ведомствоның мәліметінше, полицияға екі белгісіз ер адамның автокөлікпен аялдамада тұрған жасөспірімді күштеп алып кетпек болғаны жөнінде хабарлама түскен.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шұғыл жетті. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», – делінген хабарламада.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.