Жаңалықтар

«Тиімді интернет-пакет» зейнеткерлердің 3,5 млн теңгесін қағып алды

Бурабай ауданындағы 76 жастағы зейнеткер 2 млн 650 мың теңге жинағынан айырылған / фото: KursivMedia мұрағаты
Бурабай ауданындағы 76 жастағы зейнеткер 2 млн 650 мың теңге жинағынан айырылған / фото: KursivMedia мұрағаты

Ақмола облысында зейнеткерлер «тиімді интернет-пакетке» қосылмақ болып, шамамен 3,5 млн теңгеден айырылды.

Zakon.kz мәліметінше, өңірде интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілі тіркелген. Алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған. Тиімді шарттармен интернет-пакет қосуды ұсынған.

Қызметті «рәсімдеу» үшін абоненттерге ұялы телефонға жіберілген сілтеме арқылы өту қажет болған. Бір күннің ішінде бұл айлаға Степногорск қаласы мен Бурабай ауданы зейнеткерлері алданып қалған.

Степногорск қаласының 78 жастағы тұрғыны сілтеме арқылы өткеннен кейін 900 мың теңгесінен айырылған. Ал Бурабай ауданындағы 76 жастағы зейнеткер 2 млн 650 мың теңге жинағынан айырылған.

Екі жағдайда да алаяқтар жәбірленушілердің банктік шоттарына қашықтан қол жеткізген.

Айта кететін жайт, шетелдік алаяқтың Түркістан облысында 21 азаматқа 125 миллион теңгеден асатын материалдық шығын келтіргені анықталып отыр.