ҰҚК Жақсылық Омардың ұсталғанын растады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғанын растады.
Комитет Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат жарияланбайды», – делінген ҰҚК жауабында.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Облыс әкімдігі шенеуніктің еңбек демалысында екенін мәлімдеді.
«Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде аталған лауазымды тұлғаға қатысты қандай да бір мәлімет жоқ. Қолда бар мәліметке сәйкес, лауазымды тұлға денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысын алған», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Жақсылық Омар Өскемен қаласын алты жыл басқарғаннан кейін, ШҚО әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған. Ол кезде облысты Ермек Көшербаев басқарып тұрған.