Жаңалықтар

Вице-премьер Жұманғарин министрлікте қысқарту жүргізіп жатыр

фото: shutterstock
Экономика министрлігіне жиырмадан астам мекеме қарайды / фото: shutterstock

Ұлттық экономика министрлігі өзіне қарасты мекемелерде алты айдан аса бос тұрған штат бірліктерін қысқарту ережесін енгізді. Бір жыл бұрын вице-премьер Серік Жұманғарин америкалық миллиардер Илон Масктің үкімет шығынын қысқарту әдісін Қазақстанда қолдануды ұсынған.

Бұйрық жарты жыл бос тұрған жұмыс орындарын жабуды көздейді. Дегенмен бірінші басшыларға арналған штаттар қысқармайды.

Сонымен бірге ядролық физика, жоғары технология немесе сирек кездесетін инженерлік маман тартуға арналған жұмыс орындары жабылмайды.

Бұған қоса, штаттарды қысқарту тәртібі анықталды.

«Ұзақ уақыттан бері жарияланған бос жұмыс орны анықталған кезде, атқарушы орган штатты қысқарту мен нақты даму жоспарын ұсынуға міндетті».

Нақты жоспарды қарау мен бекіту 2026 жылғы 25 маусымда басталып, 25 желтоқсанға дейін жүзеге асады.

Министрлік мұндай шараны адам ресурсын басқару тәртібін күшейту деп түсіндірді.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылғы ақпанда әлемдегі ең бай адам Илон Масктің АҚШ әкімшілігінде «тазарту» жұмыстарын Қазақстанда іске асыруды ұсынған. Америкалық миллиардер Тиімді үкімет департаментін (DOGE) басқарған уақытта федералдық бюджетті 2 трлн долларға дейін қысқарта алатынын мәлімдеген.

Ұлттық экономика министрлігінің құрамында бір комитет, 18 департамент, төрт ұйым бар. Солардың бірі – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі».