Қазақстанда қызметкерлерді алкогольге тікелей жұмыс орнында тексереді

Енді қызметкерлерді алкоголь мен есірткіге тексеру жұмыс орнында жүргізілуі мүмкін. Қазақстанда шалғайдағы өнеркәсіп кәсіпорындарында арнайы медициналық куәландыру кабинеттерін ашу жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін сенаторлар куәландыру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екенін айтқан болатын.
Пилоттық жоба Маңғыстауда басталады
Алғашқы жоба Маңғыстау облысы аумағында, Kalamkas-Khazar Operating ЖШС базасында іске қосылмақ. Қазіргі уақытта қаржыландыру мен кадр іріктеу мәселесі шешіліп жатыр.
Жоба мақсаты – қызметкерлердің тексеруден өту үшін қалаға барып әурелемеу. Медициналық куәландыру кәсіпорын аумағында тікелей жүргізіледі.
Ел бойынша 300 кабинет жұмыс істейді
Қазір республика бойынша 300-ге жуық медициналық куәландыру кабинеті бар. Олар қажетті құрал-жабдықтармен және жедел-тесттермен қамтамасыз етілген.
Мұнда нәтижелердің дәлдігіне баса назар аударылады. Басты әдіс ретінде газды хроматография және масс-спектрометрия қолданылады. Бұл – халықаралық деңгейде ең сенімді әдістердің бірі саналады.
Нәтижені өзгертуге мүмкіндік болмайды
Тексеру нәтижелері электронды жүйеде тіркеледі және кейін оларды өзгерту мүмкін болмайды.
Нәтижелер автоматты түрде прокуратура мен ішкі істер органдарына жіберіледі. Бұл адами фактордың ықпалын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Егер пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, мұндай тексеру кабинеттері елдегі басқа да ірі кәсіпорындарда ашылуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан Орталық Азияда ең көп ішімдік тұтынатын ел екені анықталды. Мұны әлемдік статистика көрсетіп отыр. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда бір адамға шаққанда бір жыл ішінде құрамында таза спирті бар өнімдерді тұтыну көлемі – 5,4 литр, ал Өзбекстанда 2,1 литр болып отыр.