Бурабай жағалауына көліктердің кіруіне тыйым салынады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Алдағы уақытта «Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында автокөліктердің қозғалысын шектеу жоспарланып отыр. Мұндай тыйым енгізілмес бұрын, туристерге жеке көліксіз де қолайлы жағдай жасау үшін тиісті инфрақұрылым құрылады. Бұл туралы Ұлттық парктің баспасөз қызметінің «Курсивке» берген ресми жауабында айтылған.

Көліктердің кіруіне шектеу кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен парк аумағында көліктерді қалдыруға арналған арнайы тұрақтар салынып, шаттл-маршруттар іске қосылады. Туристерге балама демалыс орындар ретінде Үлкен Шабақты, Щучье және Қатаркөл көлдері ұсынылады. Бұдан бөлек, өзен трамвайларын іске қосу да жоспарланған.

Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар табиғатты қорғау мақсатында қолға алынбақ.

«Жағалау аймағында көліктердің көп болуы топырақтың тығыздалуына, ағаш тамырларының зақымдануына, жағалау экожүйесінің тозуына және шу деңгейінің көбеюіне әкеледі», деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Сонымен қатар 2026 жылы ешқандай өзгеріс енгізу жоспарланбағаны нақтыланды.

Еске салсақ, биыл «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіру құны қымбаттады. Парк дирекциясы автокөліктердің кіру ақысының өсуі 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің жоғарылауымен байланысты екенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз