2026 жылғы ең үздік автокөліктер анықталды

Америкалық Consumer Reports тәуелсіз ұйымы әдеттегідей 2026 жылғы модельдер арасынан үздік 10 автокөліктің рейтингін жариялады. Бұл модельдер тәжірибе сынынан өтіп барып, жасалған тізім.
Көліктер дилерлерден анонимді түрде сатып алынып, өздерінің сынақ алаңында тексеріледі және бірегей әдістеме бойынша бағаланады. Сынақ барысында көліктің басқарылуы, жайлылық, қауіпсіздік және сенімділігі сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Рейтингке тек 2026 жылы сатылымда болатын немесе нарыққа шыққан сериялық модельдер енді. Концепт-көліктер мен шоу-карлар есепке алынбаған.
Топ-10-ға енген көліктер:
- Эконом класс: Honda Civic
- Орташа өлшемді седан: Toyota Camry
- Субкомпакт SUV: Subaru Crosstrek
- Шағын SUV: Subaru Forester
- Орташа өлшемді үш қатарлы SUV: Toyota Grand Highlander
- Премиум компакт SUV: Lexus NX
- Премиум орта өлшемді SUV: BMW X5
- Шағын пикап: Ford Maverick
- Толық өлшемді пикап: Ford F-150
- Электромобиль: Tesla Model Y
Неге дәл осы көліктер?
Consumer Reports әдістемесі төрт негізгі факторды есепке алады: жол сынақтарының нәтижелері, қауіпсіздік деректері, бұзылу статистикасына негізделген сенімділік болжамы және жүргізушілердің көңілінен шығу деңгейі. Яғни, тек динамика немесе мультимедиа емес, көліктің бірнеше жыл жүргендегі сапасы да маңызды.
Бір қызығы жеңімпаздардың көбі гибридті немесе толық электрлі нұсқада қолжетімді. Сонымен қатар, рейтингтегі көліктердің жартысынан көбін «жапондықтар» құрайды. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда гибридтер ең тиімді нұсқа болып отыр. Өйткені дәстүрлі бензинді нұсқалары үнемді, әрі дамыған қуаттау инфрақұрылымын қажет етпейді.
Көптеген осы модельдер Қазақстандағы автосүйер қауымға жақсы таныс. Toyota, Honda, Subaru, Lexus, BMW, Ford және Tesla ресми түрде ұсынылған. Бұдан бөлек «көлеңкелі нарықта» да белсенді сатылады.
Consumer Reports ең қымбат немесе ең қуатты көліктерді таңдамайды. Ол 2026 жылы ең жақсы балансқа ие, яғни, сипаттама, қауіпсіздік және ұзақ мерзімді сенімділік тұрғысынан көліктерді таңдайды. Осы себептен рейтинг тек АҚШ нарығы үшін ғана емес, басқа елдер үшін де қызықты.
Осыған дейін қытайлық CheZhi платформасы 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша кроссоверлердің сенімділік рейтингін жариялады. Сарапшылар мыңдаған көлік иелерінің шағымдарын талдап, сапа индексін қалыптастырған. Нәтижесінде SUV сегментіндегі орташа сенімділік деңгейі (24,8 балл) седандар мен минивэндерге қарағанда жоғары болғаны анықталды.