Жаңалықтар

Ресей соғысты аяқтауға мүдделі – Владимир Зеленский

Қытай әскерилері Украина аумағында тұтқынға түскен/фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: kursiv.media архиві

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің соғысты аяқтауға мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Axios басылымына берген сұхбатында айтты. Сұхбат Ресей, Украина және АҚШ арасында Женевада өтіп жатқан күшжақты келіссөздердің үшінші кезеңінен кейін жарияланды.

АҚШ-тың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Зеленскийге Мәскеудің соғысты тоқтатуға ниетті екенін жеткізіп, келіссөздерге дайындық барысында осы жайтты ескеруге шақырған.

Алайда Украина басшысы мұндай бағалауларға сақтықпен қарайтынын айтып, ресейлік делегация тарапынан нақты іс-қимылдар күтетінін атап өтті.

Негізгі келіспеушілік

Екі ел арасындағы негізгі келіспеушілік Донбасс мәселесі. АҚШ өкілдері Украина күштері қазіргі бақылауындағы жерлерден шегініп, ол аумақта әскери күштер орналастырылмайтын (демилитаризацияланған) арнайы аймақ құруды ұсынған.

Зеленский әскерді әкету мәселесін тек екі тарап та бірдей шегінген жағдайда ғана талқылауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар бұл аумақтарды Ресейге беруге қарсы екенін мәлімдеді.

Бейбіт келісім бола ма?

Зеленскийдің айтуынша, ықтимал бейбіт келісім референдумға шығарылмақ.

«Егер құжатта тараптар қазіргі майдан шебінде қалатыны бекітілсе, меніңше, халық оны референдумда қолдайды. Бұл менің пікірім», деді ол.

Оның айтуынша, Ресей Донбастың бүкіл аумағын өз бақылауына алуды талап етіп отыр. Бұл мақсатқа ол не келіссөздер арқылы, не әскери жолмен жетуді көздейді.

Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін

Владимир Зеленский аумақтық мәселе бойынша келісімге келудің ең тиімді жолы Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізу деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол Женевадағы келіссөздер барысында көшбасшылар деңгейіндегі ықтимал келіссөздер мәселесін көтеруді өз командасына тапсырған.

Зеленский ықтимал әскер әкету мәселесін тек ресейлік күштер де дәл сондай көлемде шегінген жағдайда ғана талқылауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар ол Мәскеудің аталған өңірге қатысты егемендік талаптарын қабылдамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, кез келген уағдаластық Украинада референдумға шығарылуға тиіс.

Сондай-ақ Украина басшысы қоғам біржақты аумақтық шегінуді қарастыратын келісімді қолдауға дайын емес екенін мәлімдеді.

«Эмоциялық тұрғыдан адамдар мұны ешқашан кешірмейді. Бұл – біздің еліміздің бір бөлігі, біздің азаматтарымыз, біздің туымыз, біздің жеріміз», – деді Зеленский.

Келіссөздерге кімдер қатысады

Ресей делегациясын президенттің көмекшісі Владимир Мединский бастап барды. Келіссөздер тобына кемінде 15 адам кірді, олардың арасында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин бар.

Украина делегациясының құрамына Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, Қарулы күштердің Бас штабының бастығы Андрей Гнатов, «Слуга народа» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия, дипломат Сергей Кислица және әскери барлау өкілі Вадим Скибицкий енді.

АҚШ тарапынан Женевадағы кездесуге президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысуда.

Тараптар бүгін, 18 ақпанда Женевада тағы кездеседі.