Жаңалықтар

Әшімбаев: Құрылтайға «дұрыс жұмыс істеген» оппозициялық партия кіреді

оппозиция
Қазақстанда билік үшін таласта оппозиция үнемі шет қалып жүр / фото: shutterstock

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Құрылтай сайлауы тағайындалған жағдайда оған «дұрыс жұмыс істеген» оппозициялық партиялар да қатысып, парламентке өте алады.

Құрылтайға кімдер кіреді

Парламенттің жоғары палатасының спикері Мәулен Әшімбаев 19 ақпанда Астанада брифинг өткізіп, журналистердің саяси сауалдарына жауап берді.

«Болашақта оппозиция шығады. Оған күмәніңіз болмасын. Саяси партияларды дамыту тек қана үкіметтік мақтайтындарды қолдау деген сөз емес. Ертең партиялық жүйе қалыптасады. Халық солардың басшыларына, бағдарламаларына, тұғырнамаларына дауыс береді», – дейді Әшімбаев.

Оның пікірінше, оппозициялық партия ертеңгі күні халықтың сеніміне ие болып жатса, көп дауыс жинағаны үшін парламентке өтеді.

«Көп нәрсе партиялардың жұмысына байланысты. Партиялар балама бағдарлама ұсынып, халық соны қолдаса, оларға парламентке кіреді. Партиялық жүйені қалыптастыру оппозиция парламентке өтпейді деген сөз емес. Партиялар дұрыс жұмыс істесе, халықтың сеніміне кірсе, олар ертең Құрылтайға кіреді», – дейді сенат спикері.

Әшімбаевтың мәлімдеуінше, жаңа парламент – Құрылтай 2026 жылғы 1 қыркүйекте жұмысқа кірісіп кетуі тиіс.

Қазақстанда жеті саяси партия тіркелген. Олардың кейбірін өзін оппозицияға жатқызғанымен, саяси маңызды мәселелерде биліктің сөзін сөйлеп жүр. Ал билікті өткір сынайтын ұйымдар мен бірлестіктер тіркеуден өте алмауына байланысты саяси науқандардан шеттетілген.