
Алматы облысының Қарасай ауданында иттер бір әйелге шабуыл жасап, талап өлтіре жаздады.
Zakon.kz хабарлауынша, зардап шеккен әйел ауруханада жатыр.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды. Жазба авторының айтуынша, иттердің иесі бар, қаңғыбас иттер емес. Тұрғындардың сөзінше, ол үйінде 37 ит ұстайды екен.
Өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі 52 жастағы әйелге иттердің шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін нақтылады.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.
Мұның алдында Алматыда ит пен мысыққа арналған қонақүй, такси қызметі қалай жұмыс істейтіні туралы жазылған еді.