Ауғанстанда 500 музыка аспабы тәркіленіп өртелді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бұл аспаптар Парван провинциясы тұрғындарынан тәркіленген / фото: pajhwok
Бұл аспаптар Парван провинциясы тұрғындарынан тәркіленген / фото: pajhwok

Ауғанстандағы ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі бір жылда 500 музыка аспабын өртеп жіберді.

Pajhwok Afghan News агенттігінің ақпаратынша, бұл аспаптар Парван провинциясы тұрғындарынан тәркіленген.

«Парван орталық провинциясында ізгілікті насихаттау, жамандықтың алдын алу және шағымдарды қарау министрлігінің департаменті 500-ден астам музыкалық аспап пен оған қатысты заттардың өрт арқылы жойылғанын мәлімдеді», – делінген хабарламада.

Департамент басшысы Макбуль Ахмад Вакас бұл заттардың «түрлі рәсімдерде билеу мен мерекелеу кезінде пайдаланылғанын» айтып, олардың соңғы бір жыл ішінде провинцияның әкімшілік орталығы Чарикар қаласында және аудандарда жиналғанын жеткізді.

Шенеуніктің сөзінше, музыкалық аспаптар Гольганди ауданында билік өкілдері, бас барлау басқармасы және басқа да құзырлы органдардың қатысуымен өртелген.

Вакас бұл шара «жамандықпен күрес бойынша үздіксіз жұмыстың бір бөлігі» екенін атап өткен. Тұрғындарды шариғат заңдарына қайшы саналатын заттарды қолданбауға шақырды.

Мұның алдында бір ауғанстандықтың ұлтын «қазақ» деп көрсетіп, мемлекет есебінен 20 млн теңгеге пәтер сатып алғаны анықталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз