Жаңалықтар

Балқашта бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті

Балқаш қаласында көп қабатты үйдің бір қанаты опырылып түсті
Апатты үй қоршалып, тұрғындары көшірілген / фото: Балқаш әкімдігінің баспасөз қызметі

19 ақпанда таңертең Балқаш қаласында көп қабатты үйдің бір бөлігі опырыла құлады. Жергілікті әкімдік апаттан ешкім зардап шекпегенін хабарлады.

Апатты үй құлады

Төтенше оқиға бейсенбі күні таңертең сағат 08:10 шамасында болған. Апатты үй Балқаштағы Қараменді би көшесі бойында орналасқан.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үйдің бір бүйірі опырылып түскен уақытта оның ішінде ешкім болмаған. Өйткені жергілікті билік оны бұған дейін апатты үй деп танып, бұзуға өткізген.

«Үйдің бесінші кіреберісінде ешкім тұрмаған. Апаттан ешкім зардап шекпеді», – деп хабарлады Балқаш ауданы әкімдігі.

Балқаш қаласында бес қабатты үй құлады
Апаттан ешкім зардап шеккен жоқ / фото: Балқаш ауданы әкімдігі

Ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылды. Үй электр, жылу, су жүйелерінен ажыратылды.

Әкімдік мәліметінде тұрғын үйдің бесінші кіреберісінің тұрғындары көшірілгені, олар үйде мұқтаж азаматтар ретінде есепке алынғаны айтылған. Қазір қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, бесінші кіреберісті демонтаждап жатыр.

«Демонтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін қалған төрт кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі», – деп таратты әкімдік.

Бұған қоса аудан билігі алдағы уақытта қалған кіреберістер конструкциясын күшейту үшін жоба әзірленіп жатқанын хабарлады.