Бюджетке 350 млн теңге залал келтірген күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды

Бас прокуратура экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасаған Қазақстан азаматын Қырғызстаннан экстрадициялады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2023 жылы күдікті мүліктік пайда табу мақсатында нақты жұмыстарды орындамай, жалған шот-фактуралар жазып беру схемасын ұйымдастырған.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекеттік бюджетке 350 млн теңгеге жуық салық төленбей, ірі көлемде залал келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың наурыз айында ол Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», – делінген ақпаратта.
Мұның алдында Қазақстанның сұранысы бойынша халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы Черногориядан экстрадицияланған еді.