Жаңалықтар

Экс-президент Юн Сок Ёль өмірлік түрме жазасына кесілді

экс-президент Юн Сок Ель
фото: shutterstock

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль өмірлік түрме жазасына кесілді. 19 ақпанда Сеул соты осындай ауыр үкім шығарды. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Сеул орталық аудандық соты экс-президентті Конституция тәртібін бұзуды көздеген бүлікті басқарды деп таныды. Мұның алдында прокуратура Юнды өлім жазасына кесуді талап еткен. Алайда жергілікті сот өмірлік түрме жазасымен шектелді. Істі қараған судья сотталушының әрекеттерінің көбі жүзеге аспай қалғанын, адам шығыны болмағанын, күш қолданылмағанын ескерген.

Президент Юн 2024 жылғы желтоқсанның аяғында Оңтүстік Кореяда әскери жағдай енгізген. Алайда қатаң тәртіп бар болғаны алты сағатқа созылып, парламент президент жарлығының күшін жойған. Дегенмен Юнның әрекеті елді саяси дағдарысқа ұрындырып үлгерген: бүкіл елде халық көшеге шыққан.

2025 жылдың басында ол биліктен кетуге мәжбүр болды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, экс-президент қамауға түсті.

65 жастағы Юн тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Оны қорғаушылар тобы сот үкіміне шағым түсіру мәселесін талқылап жатыр.

Kursiv.Media Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті өмірлік түрме жазасына кесілуі мүмкін екенін қаңтардың басында жазған. 28 қаңтарда елдің бұрынғы бірінші ханымы сотталған.