Цукерберг әлеуметтік желілердің балаларға зияны туралы сотқа шақыртылды

Марк Цукерберг Лос-Анджелес сотына шақырылды. Онда Meta және YouTube компанияларына қатысты іс қаралуда.
Euronews ақпаратына қарағанда, олар қолданбаларға пайдаланушыларды әлеуметтік желілерге тәуелді ететін арнайы функциялар енгізді деген күдікке ілінген.
Тәуелділік суицидке әкеле ме
Meta корпорациясының бас директоры Марк Цукерберг сәрсенбі күні Калифорнияда әлеуметтік сервистердің жастардың психикалық денсаулығына әсері жөніндегі сот процесінде куәлік береді.
Талап қоюшы 20 жастағы әйел әлеуметтік желілердің тәуелділік тудыратын функциялары оған орны толмас зиян келтіріп, мазасыздық пен суицидтік ойларға себеп болды деп шағымданған. Сот залында алқабилерден бөлек, отбасыларының айтуынша цифрлық тәуелділік салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған балалар мен жасөспірімдердің ата-аналары да қатысады.
Жәбірленушілер мұны «цифрлық казино» деп атады
Цукербергке, талапкерлердің айтуынша, жастарды экраннан ажырата алмайтындай етіп әдейі жасалған Instagram алгоритмдері туралы сұрақтар қойылады деп күтілуде. Жәбірленуші тараптың адвокаты Марк Ланье алқабилер алдында сөз сөйлеп, YouTube пен Instagram-ды «цифрлық казино» деп атап, «шексіз айналдыру» функциясы дофаминнің бөлінуін арттырып, тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін айтты.
Компания басшыларының уәжі
Meta компаниясының адвокаты Пол Шмидт Instagram талап қоюшының психикалық денсаулығына қатысты мәселелерге кінәлі екеніне күмән келтірді. Ол іс материалдарына қыздың отбасындағы ауыр жағдайды дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеген. Шмидттің айтуынша, ол әлеуметтік желілерді өз уайымымен күресудің бір тәсілі ретінде пайдаланған.
Өткен аптада сотта осыған ұқсас пікірді Instagram басшысы Адам Моссери де білдірді.
Мұның алдында Аустралияның жасөспірімдерді Instagram-нан шектеуі Цукербергке ұнамаған болатын.