
Милан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісіне дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ай сайын шамамен 1,5 млн теңге көлемінде жалақы алып отырған. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенат кулуарында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар мемлекет қолдауымен қамтамасыз етіледі.
«Мемлекеттік қолдаусыз Олимпиада ойындарына немесе басқа да ірі халықаралық жарыстарға қатысу мүмкін емес. Барлық спортшылар, соның ішінде Михаил Шайдоров та Спортты дамыту дирекциясында тіркелген, ұлттық құраманың штаттық мүшесі саналады. Олар оқу-жаттығу жиындарымен, жарыстарға іссапарлармен қамтамасыз етіледі және келісімшарт бойынша жалақы алады», – деді Жарасбаев.
Оның сөзінше, Олимпиадаға дейін Шайдоровтың келісімшарттық жалақысы 1 млн теңгеден сәл жоғары болған. Ал өткен жылы ай сайын шамамен 1,5 млн теңге алып отырған.
Бұдан бөлек, спортшының оқу-жаттығу жиындары, халықаралық жарыстарға сапарлары, әуе билеттері, тұру шығындары және мұз айдынын жалға алу ақысы мемлекет есебінен төленген.
Серік Жарасбаев ата-аналар баласының спорттық мансабы үшін мүлкін сатуға мәжбүр болатын жағдайларды да айтты. Оның айтуынша, кәсіби спортта мұндай мәселелер болмауы тиіс, себебі жоғары деңгейдегі спортшылар жан-жақты мемлекеттік қолдаумен қамтылуы керек.
Еске салайық, Қысқы Олимпиада да Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанып, елге 32 жылдан кейін Қысқы жарыстың алтынын әкелді. Осы жеңісі үшін әнші Димаш Құдайберген оған көлік, ал отандық құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер сыйлады.