Қарызға батқан ҚТЖ-ға қытай инвесторлары қызығушылық танытуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҚТЖ акцияларын кім сатып алуы мүмкін /Фото: ҚТЖ

Қарызға батқан «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының акциялары қытай инвесторларын қызықтыруы мүкін. Бұндай пікірді қаржыгер Арман Батаев білдірген.

Маманның айтуынша, компанияның басты инвестициялық тартымдылығы – пайдасыз сегменттерді қысқартумен қатар, Қытай мен Ресей, сондай-ақ Қытай мен ЕуроОдақ арасындағы транзит тасымалды одан әрі ұлғайту әлеуетінде жатыр.

Геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен Тайвань төңірегіндегі ықтимал шиеленістер аясында Қытай үшін құрлықтағы баламалы дәліздердің маңызы арта түспек.

Батаев АҚШ Әскери-теңіз флотының іс-қимылдары теңіз жолдарының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, Бейжіңнің «бэкап-жоспар» ретінде құрлықтағы жолдарды пайдаланып қана қоймай, оларды бақылауда ұстауға мүдделі екенін атап өтті.

Bloomberg басылымы бұған дейін ҚТЖ 2026 жылдың мамыр айында акцияларының 25 пайызын IPO-ға шығарып, ол арқылы 1 млрд долларға дейін қаражат тартуды жоспарлап отырғанын жазған.

Агенттік дерегінше, инвесторларға ҚТЖ акцияларының 25%-ы ұсынылуы мүмкін. Бағалы қағаздар Қазақстан және Лондон қор биржасына қатар орналастырылады деген жоспар бар.

ҚТЖ төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Дайыр Көшеровтің айтуынша, қазір компанияның кредит портфелі 3,7 трлн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз