
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент өз құттықтауында Рамазан айының күллі мұсылман қауымы үшін айрықша рухани мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ай адамзатты рухани тазаруға, сабыр мен төзімге, жанашырлық пен қамқорлыққа үндейді.
«Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді», – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық ахуал күрделі кезеңнен өтіп жатқанын атап өтіп, Рамазан айының рухани құндылықтарын кемел санамен қабылдап, оның терең мағынасын түсіну – үлкен имандылықтың белгісі екенін айтты.
Президент Қазақстанның тарихи жаңғыру кезеңіне қадам басқанын да тілге тиек етті. Жаңа халықтық Конституция жобасының республикалық референдумға шығарылғанын айтып, бұл құжат елдің даму бағытын айқындайтын маңызды Негізгі Заң болатынын жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды сақтай отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық қағидаттарына негізделген жаңа қоғам қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұстанымдар Рамазан айының мәңгілік тағылымымен толық үндеседі.
Еске сала кетейік, 19 ақпан күні Рамазан айы басталдды. Ораза кестесін мына жерден көре аласыз. Сондай-ақ, ауызашар мен сәресін қандай тамақ жеу керектігін жазған едік.