
Қазақстанның Ташкенттегі елшісі Бейбіт Атамқұлов пен «Өзатом» агенттігінің директоры Әзім Ахмедқожаев кездесіп, көрші елде салынатын атом электр станциясының (АЭС) қауіпсіздігі мәселелерін талқылады. Бұл туралы Kursiv.Media агенттік мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
АЭС-те апат болған жағдайда
Атамқұлов пен Ахмедқожаев 18 ақпанда жүздескен. Олар өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мәселесін де сөз еткен.
«Тараптар бейбіт атом саласындағы қазақ-өзбек әріптестігі, Жизақ облысында АЭС жобасын жүзеге асыру, ядролық мәселелер және өңірдің экологиялық қауіпсіздігі бойынша пікір алмасты», – деп таратты «Өзатом».
Сонымен бірге, елші мен агенттік директоры штаттын тыс жағдай бола қалғанда шұғыл әрекет ету механизмдерін де сөз еткен. Кездесуде радиоэкологиялық мониторинг мәселесі де айтылған.

Қауіпсіздік және жауапкершілік
Қазақстан Өзбекстанның ядролық зардаптарға жауапкершілікті көздейтін Вена конвенциясына қосылуын жоғары бағалаған. Көрші ел маңызды құжатқа 2026 жылғы 7 ақпанда қосылған. Соған сәйкес Өзбекстан халықаралық қауіпсіздік стандарттарын орындауы тиіс.
Екі ел мәлімет алмасу, бірлескен оқулар өткізу, мамандарды тәжірибеден өткізу секілді тақырыптарды да қозғаған.
Бұған қоса, Қазақстан атом энергиясы агенттігінің өкілдері 2026 жылдың екінші жартысында Өзбекстанға баратыны айтылды.

Жизақтағы АЭС
Қазақстан да, Өзбекстан да АЭС салғалы жатыр. Ташкент атом станциясының алғашқы бетонын 2026 жылғы наурызда құйса, Астана оны 2029 жылға жоспарлаған. Көршілес екі елдегі АЭС құрылысын «Росатом» жүргізеді.
Өзбек билігі атом станциясын Жизақ облысы Фориш ауданына салады. 2025 жылдың аяғында реактор түсетін шұңқыр қазылған. Төрт блоктан тұратын станцияның екеуіне қуатты реактор орнатылады. Шағын өндіріс 2029 жылы іске қосылады. Станция құрылысы 2035 жылы толық аяқталуға тиіс.
Алғашқы АЭС Өзбекстанның орталық өңірлерін – Жизақ, Самарқанд және Навои облыстарын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, өзбек билігі болашақ станция қызметкерлері үшін жаңа қала тұрғызғалы жатыр.