Жаңалықтар

Қазақстанда қанша жұмыс орны бос тұр

Кімдердің жоғары жалақы алатыны белгілі болды / фото: gov.kz
Кімдердің жоғары жалақы алатыны белгілі болды / фото: gov.kz

2026 жылдың басынан бастап Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында 102,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 162,4 мың түйіндеме орналастырылыпты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс іздеушілер саны бос орындар санынан асып түскен.  Бір жұмыс орнына орта есеппен 1,58 түйіндемеден келеді. Барлық жұмыс ұсыныстарының 80%-дан астамы білікті кадрларға бағытталып отыр.

Сұраныс қай салада көп?

Жұмысшы мамандықтар сұраныстың жартысына жуық – 48,9 мың (47,6%) бос жұмыс орны. Жұмыс берушілер тарапынан ең көп сұранысқа ие болғандар: мейіргерлер (1,9 мың бос жұмыс орны), санитарлар мен автомобиль жүргізушілері (әрқайсысы 1,8 мыңнан), сондай-ақ математика пәнінің мұғалімдері (1,7 мың).

Салалық бөліністе сұраныс барлық бос орындардың 66,4%-ын құрайтын бес негізгі салада шоғырланған. Дәстүрлі түрде білім беру саласы көш бастап тұр. 33 мыңнан астам хабарландыру берілген. Одан кейін өзге де қызмет түрлері – 11,4 мың (11,1%) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету – 9,7 мың (9,5%) орналасқан. Сондай-ақ кадрларға жоғары қажеттілік мемлекеттік басқаруда (7 мың) және өңдеу өнеркәсібінде (6,9 мың) тіркелді.

Қай аймақта жұмыс іздеушілердің саны басым?

Өңірлік бөліністе бос орындардың ең көп саны Астана қаласында (8,9 мың), Түркістан (7,3 мың) және Қарағанды (7,1 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (6,9 мың) қолжетімді.

Түйіндеме жариялаған жұмыс іздеушілердің ең көп саны Түркістан облысынан (23 мың) болды. Сондай-ақ Атырау (12,2 мың), Маңғыстау (11,3 мың) және Қызылорда (10,9 мың) облыстарының тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Мегаполистерде де осыған ұқсас көрсеткіштер байқалады: Алматы (10,8 мың) және Астана (10,6 мың).

Жоғары жалақыны кімдер алады?

Қаңтар айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бұрғылау жөніндегі супервайзерлерге (орта есеппен 991 мың теңгеден бастап), өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастықтарына (876 мың теңгеден бастап) және бас геологтарға (803 мың теңгеден бастап) ұсынды.

Жұмыс іздеушілер тарапынан жоғары жалақыға келсек, жаңа өнімдерді әзірлеу жөніндегі жоба жетекшілері – 1,3 млн теңге, жеке сектордағы коммерциялық директорлар – 1,2 млн теңге және іске қосу мен сынақтар жөніндегі инженерлер – орта есеппен 865 мың теңге жалақы алғысы келетінін түйіндемелерінде көрсеткен.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда зейнеткерлер орта есеппен 157 мың теңге зейнетақы алады.