Қазақстанның үш облысында жел және күн электрстансалары салынады

Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында қуаты 1,8 ГВт болатын жел және күн электрстанциялары салынады. Бүгін Сенат Қазақстан мен Қытай арасындағы баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады.
Сенатор Ольга Булавкинаның сөзінше, құрылыс 2027–2029 жылдарға жоспарланған. Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» АҚ инвестор болады.
Жобаларды жүзеге асыру үшін 2 млрд доллардан аса инвестиция қарастырылған. Стансалар құрылысы кезінде 2 мың жұмыс күші, ал құрылысы біткеннен кейін тұрақты 200 жұмыс күші құрылады. Күн және жел стансаларының арқасында жылына 4,5 млн тонна көмірқышқыл газы шығарылуының алдын алып, оның орнына 5,7 млрд кВт жасыл энергия бөлінетін болады.
Тариф көтеріле ме?
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың сөзінше, бұл жобалардың жүзеге асырылуы тариф көтерілуіне әкелмейді. Себебі қазіргі баламалы энергия көздерінің тарифі дәстүрлі көмір стансаларының тарифі деңгейінде қалып отыр.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндірудегі баламалы энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 7%-ды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15%-ға жеткізу міндеті қойылған. Аталған жоба да осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар өндірілген электр энергиясының 30%-ын қамтитын энергия жинақтау жүйесін орнату талабы бар. Бұл жүйе артық өндірілген электр қуатын сақтауына және оны қажетті уақытта пайдалануға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Айта кетейік, былтыр президент электр энергиясын ешкімнен сатып алмау керек деген тапсырма қойған еді. Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарына «таза көмір» технологиясын енгізу қажет деп атап өткен.