Жаңалықтар

Қыстағы көктем лебі: Қазгидромет күннің күрт жылыну себебін түсіндірді

Фото: shutterstock

Қазақстанның оңтүстігі мен бірқатар өңірінде ауа райының күрт жоғарылауына «жылудың кең таралуы» деп аталатын құбылыс себеп болып отыр. Бұл жөнінде «Қазгидромет» хабарлады.

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, аталмыш құбылыс кезінде оңтүстік-батыс және оңтүстік бағыттағы желдер арқылы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне жылы ауа массалары енеді. Жылы ауа тропосфера қабаты бойымен кең ағын түрінде таралып, бірнеше күн бойы тұрақты жылымық қалыптастырады.

Қандай өзгеріс болады

Синоптиктердің айтуынша, мұндай кезеңде ауа райы көбіне ашық әрі бұлтсыз болады. Тек бастапқы күндері таулы аймақтарда аздаған бұлт байқалуы мүмкін.

Ең басты ерекшелік – температураның тәулігіне 2-3 градусқа дейін біртіндеп көтерілуі. Соның салдарынан қыс ортасында күн күрт жылып, қар еріп, көктемгі ауа райына ұқсас жағдай қалыптасады.

Қанша күнге созылады

Желтоқсан мен маусым аралығында «жылудың кең таралуы» орта есеппен 1,5-2,7 тәулікке дейін жалғасады.

Синоптиктер бұл құбылыс қыс мезгіліндегі және маусымаралық кезеңдердегі ең қарқынды жылымықтардың бірі екенін айтады. Сондықтан алдағы күндері ауа райы жылы болуы мүмкін.