Жаңалықтар

Чемпион болған спортшылар неге шетелде жаттығады

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қысқы Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанған Михаил Шайдоров 2018 жылдан кейін Сочиге көшіп, ресейлік маманмен бірге жаттыққан. Мемлекетке әлемдік аренада жүлде әкелген спортшылар неге шетелде жаттығады? Министрлік қандай жағдай жасады? Бүгін кулуарда журналистер осы мәселені көтерді.

Мәселенің мән-жайы

Михаил Шайдоров чемпион атанғаннан кейін оның бір кездері «Рамстор» сауда орталығындағы мұз алаңында жаттыққаны белгілі болды. Кейін республикалық, халықаралық жарыстарға қатыса бастаған соң Ресейге көшіп, сол жақтағы мамандармен бірге жұмыс істеген. Спорт және туризм министрлігі бұл қалыпты тәжірибе дейді.

«Сіздер айтқан спортшылар белгілі бір спорттық шеберлікке жеткенге дейін Қазақстанда жаттыққан. Бұл нақты факт, өздері де оны растайды. Спортшы жоғары деңгейге жеткеннен кейін яғни Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаты, төрт құрлық турнирлеріне қатысқаннан кейін өз шеберлігін көтеруге деген қажеттілік туады. Және қай жерде жаттығамын десе де спортшының өз еркі», – деп түсіндіреді спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев.

Оның сөзінше, мемлекет өз тарапынан материалдық жағдайына қолдау білдіреді, спортшылардың жаттығу жарналарын төлейді, жаттықтырушылар мен көмекшілерге жалақы береді.

«Спортшының шетелде дайындалуы қалыпты дүние»

Серік Жарасбаевтың айтуынша, спортшылардың шетелде жаттығуынан «сенсация» жасаудың қажеті жоқ, ол қалыпты дүние.

«Михаилдың жағдайында оның жаттықтырушы-консультанты Алексей Урмановтың негізі базасы Сочиде еді және сол жерде жаттығатындай мүмкіндігі де болды. Көптеген спорт түрлерінде спортшылар өзінің шеберлігін, бәсекеге қабілеттілігін шыңдау үшін шетелге шығады. Бұл жерде ешқандай нонсенс жоқ және сенсация жасаудың да қажеті жоқ», – деп түсіндіреді вице-министр.

Ол спортшылардың дайындығына келгенде ешқандай алалау фактілері болмайтынын айтты. Ұлттық құрама штатындағы барлық спортшылардың жағдайы тең.

«Кеше сұхбатында Михаилдың өзі де белгілі бір кезеңге дейін Рамсторда жаттыққанын айтты. Мен соны нақтылаймын. Спортшы бір деңгейге дейін өзі ойнаған жерде жаттығады. Бірақ ол Қазақстан чемпионатын жеңіп, ұлттық құрамаға енгеннен кейін мемлекет оған максималды түрде барлық жағдай жасайды», – деді Серік Жарасбаев.

Еске салайық, Қысқы Олимпиада да Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанып, елге 32 жылдан кейін Қысқы жарыстың алтынын әкелді. Осы жеңісі үшін әнші Димаш Құдайберген оған көлік, ал отандық құрылыс компаниясы үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Сұхбаттарында Шайдоров бала кезінде әкесімен бірге «Рамстор» сауда орталығының мұз айдынында жаттыққанын айтқан. Марқұм Денис Тен де мұздағы алғашқы қадамын сол жерден бастаған. Осыдан кейін қазақстандықтар арасында «мемлекетке қарағанда Рамстор бізге көбірек чемпион сыйлады» деген қағытпа тарады.