
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов 2026 жылы елде доллар құнының айтырлықтай төмендеу себебін түсіндірді.
Астанада 19 ақпанда өткен брифингте Берік Шолпанқұлов доллар бағамының 490 теңгеден төмен түсуіне қатысты сауалдарға жауап берді. Атап айтқанда, топ-менеджер ұлттық валюта референдум секілді ірі саяси науқан қарсаңында қолдан күшейтілді деген болжамды жоққа шығарды. Банк өкілінің пікірінше, доллар бағамының саясатқа ешқандай қатысы жоқ.
«Біз валюта процесінің басты ойыншысы емеспіз. Себебі валюта нарықта еркін конвертацияланады. Оның құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа орай қалыптасады. Қазір сұраныс азайып, соған байланысты доллар бағамы да түсіп жатыр. Бұл таза экономикалық процесс«, – деп есептейді қаржыгер.
БАҚ өкілдері қоғамда саяси науқан аяқталған соң доллар бірден көтеріліп кетуі мүмкін деген пікір барын алға тартып, Шолпанқұловтың осы мәселеге қатысты пікірін білгісі келген.
«Егер сіз Қазақстанның қаржы нарығы белгілі бір тәртіпке бағынады деп есептесеңіз, әлемдегі басқа да валюта процестеріне назар аударыңыз. Реттеушінің (Ұлттық банк) ықпалы емес, теңге бағамын нарыққа қатысушылардың сұранысы мен ұсынысы анықтайды», – деп дес бермеді ҰБ төрағасының орынбасары.
Бұл ретте банк өкілі инфляцияны тежеу, теңге бағамын қадағалау мақсатында жүргізілетін валюта интервенциялары туралы ештеңе айтпады.
Жақында ғана ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов үкіметте баяндама жасап, 2026 жылы валюта интервенциясына 9 млрд долларға дейін қаражат қарастырылғанын инфографикамен көрсеткен. Ал 2025 жылы ҰБ осы мақсатқа 7 млрд доллар жұмсаған. Соның арқасында 550 теңгеге дейін көтерілген доллар бағамы кері шегінген.
Ресми Астана конституциялық реформаға қатысты референдумды 15 наурызға белгіледі. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мәлімдеуінше, жаңа парламент – Құрылтай 2026 жылғы 1 қыркүйекте жұмысқа кірісуге тиіс.