Жаңалықтар

Республикалық мешітте Оразаның алғашқы тарауық намазы оқылды

Оразада тарауық намазы оқылды
фото: ҚМДБ

Астанадағы Республикалық бас мешітте Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, көпшілікке уағызын айтты.

«Алла қаласа Рамазанның алғашқы күнінің оразасын тұтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын», – деп айтқан. Осы аят қасиетті Рамазанда Құран түскеніне және де Рамазан айында ораза тұту парыз екеніне дәлел», – деген Бас мүфти көпшілікке Рамазан айының мән-маңызын түсіндірді.

Осы айда адамдарды бір-біріне жұмсақ, кешірімді болуға, ашуға берілмеуге шақырды.

«Шынайы ұсталған оразаның нәтижесі адам мінезінен де көрінеді. Сабырлы, жұмсақ, кешірімді болу, ашуға берілмеу, өзгенің айыбын кешіру сынды қасиеттер – оразаның жүрекке берген тәрбиесінің жемісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған үмбетіне: «Егер біреу сені балағаттаса немесе ұрысса: «Мен оразамын» деп айт», – деп үйреткен. Бұл – жүректі жаман әрекеттен қорғаудың, нәпсіні жағымсыз істерден тыюдың көркем үлгісі», – деді уағызында Наурызбай қажы.

Рамазан 19 ақпанда басталып 19 наурызға дейін жалғасады. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Тарауық намазы – Оразадағы негізгі құлшылықтардың бірі.

Өз қалаңыздағы Ораза кестесін мына жерден көре аласыз.