
Таразда 13 жастағы қызды ұрлап бара жатқан жерінен аман алып қалған тұрғын марапатталды деп жазады Polisia.kz.
Бұған дейін екі адамның аялдамада тұрған жасөспірім қызды ұрламақ болғанын жазған едік. Олар автокөлікпен келіп бейқам тұрған оқушыны алып кетпек болғанда сол жерде тұрған Нұркен Умаров арашалаған. Нұркеннің арқасында жасөпірім аман қалды, ал полиция күдіктілерді тез ұстап үлгерді.
Осы әрекеті үшін Жамбыл облысы ПД бастығы ІІМ Ержан Саденовтың және өз атынан шынайы алғысын білдірді.
Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмек бере алумен өлшенеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосылған үлес, – деп атап өтті ПД бастығы Қайсар Сұлтанбаев.
Бала құқықтары жөнінде уәкіл Динара Зәкиеваның сөзінше, оқушыны ұрламақ болғандар ағайынды кісілер екен, олардың нашақор екені де анықталды. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр.