Жаңалықтар

АҚШ-қа виза жасатып беремін деп 3 млн теңгені қалтаға басқан алаяқ ұсталды

Фото: kursiv.media архиві

Астанада АҚШ визасын «рәсімдеп беремін» деген желеумен алаяқтық жасаған 35 жастағы әйел ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полиция мәліметінше, күдікті АҚШ визасын аз уақыт ішінде жасап беруге уәде етіп, елдің сеніміне кірген.

«Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматтарды оңай жолмен шетелге шығарып беремін деп сендіріп, 6 эпизод бойынша алаяқтық әрекетке барған. Ол уәде етілген қызметі үшін түрлі сомада ақша алып, кейіннен байланысқа шықпай қойған», – делінген хабарламада.

Келтірілген шығын көлемі шамамен 3 млн теңге құрайды. Полиция күдіктінің кінәсін мойындағанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істейді?

Мұндай жағдайлар әдетте бір сценариймен өрбиді:

  • «Кепілдендірілген» визаға уәде беру;
  • Шұғыл және квотаның шектеулі екенін алға тартады;
  • Алдын ала төлем талап етеді;
  • Ақша аударылғаннан кейін хабар ошарсыз кетеді.

Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарды шетелге шығуға көмектесемін дейтін жеке тұлғаларға сене бермеуге шақырды. Кез келген ұсынысты тексеріп, ресми лицензиясы бар мекемелермен ғана жұмыс жасауға, күмән туындаған жағдайда бірден ішкі істер органдарына хабарласқан жөн.

Жуырда Шымкентте жоқ пәтерлерді жалға берді деген күдікті әйел ұсталған болатын. Ол пәтерлерді брондау үшін алдын-ала ақы алып, ақшаны алғасын жоғалып кеткен.