Бас мүфти Рамазан айында азық-түлік бағасын арзандатуға үндеді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасады.
Бас мүфти қасиетті Рамазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жеңілдік жасап, арзандатуға шақырды.
«Отандастарымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық«, – деп жазды Бас мүфти әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ ол қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірінің бағасы халыққа қолжетімді болуы керектігін атап өтті.
«Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», – деп үндеді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, Астанадағы Республикалық бас мешітте Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, көпшілікке уағызын айтты.
Рамазан 19 ақпанда басталып 19 наурызға дейін жалғасады. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Тарауық намазы – Оразадағы негізгі құлшылықтардың бірі.
Өз қалаңыздағы Ораза кестесін мына жерден көре аласыз.