
Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі кинотеатрларда ұлттық фильмдерді көрсетуге мәжбүрлей алмайды. Кинотеатрлар жеке кәсіпкерлік субъектілер болғандықтан, министрліктің олардың қызметіне заңмен бақылау жүргізуге немесе көрсету міндетін қоюға өкілеттігі жоқ. Бұл туралы Аида Балаеваның Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
Ресми жауапта көрсетілгендей, кәсіпкерлік кодекске сәйкес, кәсіпкерлік субъектілердің меншігіне қол сұғылмаушылық қағидаты сақталады. Соның аясында мемлекетке
олардың істеріне заңсыз араласуына тыйым салынады. Осы себепті Министрлік кинотеатрларға кешенді тексеру ұйымдастыра алмайды.
Қазақстанда қанша кинотеатр бар
Аида Балаева елімізде кинотеатрлар әлі де тапшы екенін атап өтті. Ал шағын қала мен елдімекендерде кинозалдар мүлдем жоқ.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 404 кинозалы бар 100-ге жуық кинотеатр жұмыс
істейді, ал қажеттілік 2000 залға бағаланады (дамыған елдер деңгейінде киноның
қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін). Кинотеатрлардың басым көпшілігі ірі
2 қалада орналасқан және өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда жоқ»,– делінген ресми жауапта.
Көрермен көп, зал жоқ…
Соңғы 5 жылда отандық фильмдерге сұраныс жоғары болғанына қарамастан, залдар саны артпаған. 2025 жылы қазақстандық фильмдердің үлесі жалпы кинопрокаттың 25%-ын құрады.
Салыстыру үшін: Францияда 68 млн тұрғынға 7000 кинотеатр бар, яғни 10 мың тұрғынға бір залдан келеді. Бұл көрсеткішке мемлекеттік қолдау мен құрылыс инвестицияларының арқасында қол жеткізілген.
Кинотеатрлар табысты фильмді ғана көрсетуді жөн санайды
Аида Балаеваның сөзінше, кинотеатрлар негізінен табысты коммерциялық фильмдерді көрсетуді қалайды және ұлттық фильмдерді субсидиясыз көрсетуге қызығушылық танытпайды.
«Мемлекет кинотеатрларға қолдау көрсетпейді және ұлттық фильмдердің
көрсетілімдерін субсидияламайды. Кинотеатрлардың заңнамалық деңгейде мемлекеттік қолдау есебінен өндірілген фильмдерді көрсету міндеті туралы норманы енгізу реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап етеді, себебі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайды», – деп түсіндірді министр.
2019 жылы «Кинематография туралы» Заңды әзірлеу кезінде және 2022 жылы оған өзгерістер енгізу барысында кинотеатрларға ұлттық фильмдерді көрсету міндетін қою көзделген еді. Бірақ бұл өзгерістің кәсіпкерлер мен нарыққа тигізетін әсері оң нәтиже бермеді, сондықтан ол заң жобасына енгізілмеген.
Министрлік мәселені қалай реттемек
Министрлік алдағы уақытта келесі шараларды қарастыруда:
- Республика бойынша кинотеатрлар мен көпфункционалды залдарды ашу, әсіресе аудандық орталықтар мен моноқалаларға баса назар аудару;
- Мәдениет үйлерінде проекциялық жабдықтар мен жылжымалы кино қондырғыларын сатып алу мүмкіндігін жергілікті атқарушы органдар есебінен қарастыру;
- Заңға кинотеатрлардың ұлттық фильмдерді көрсету міндетін реттейтін түзету енгізу ұсынады.
Министрліктің мәліметі бойынша, бұл шаралар халыққа мәдени құндылықтарды тең қолжетімді ету және ұлттық фильмдердің көрсетілімін арттыруға бағытталған.