
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда шетелден тапсырыс беретін өнімдерді реттеуге қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Енді оларды электронды сауда тауарлары деген жеке санатқа енгізеді деп жазады Kursiv Media.
Қаржыгер, салық кеңесшісі Раушан Тасшойынованың сөзінше, бұл ереже интернет тауарлардың құнына да әсер етуі мүмкін.
«Бұрын интернет арқылы алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауар ретінде қарастырылатын. Енді олар электронды саудаға қатысты бөлек тәртіпке бағынады. Есептеу тәртібі де өзгереді: бұрын кедендік баж тек белгіленген лимиттен асқан сомаға ғана есептелсе, енді төлем бүкіл тапсырыстың кедендік құнынан есептеледі. Сондай-ақ 31 келі салмақ лимиті алып тасталады», – деп түсіндіреді ол.
Шетелден келетін тауар мөлшері қалай есептеледі
Негізгі ереже бойынша, тапсырыстың құны 200 еуродан асса:
- Алдымен бүкіл сомаға 5% кедендік төлем алынады (әр келісі үшін кемінде 1 еуродан кем болмауы керек).
- Одан кейін тауардың жалпы құнына 16% ҚҚС (қосылған құн салығы) есептеледі.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілді.
Есеп қалай жүргізіледі?
- Мысалы, тапсырыс құны – 400 еуро. Алдымен 5% есептеледі:
400 еуро × 5% = 20 еуро. - Содан кейін ҚҚС есептеледі.
Бұл 400 еуро + 20 еуро = 420 еуро сомасына салынады. - 420 еуро × 16% = 67,2 еуро.
Қорытындысында жалпы төлем:
20 еуро + 67,2 еуро = 87,2 еуро болады.
Тұрмыстық техника мен жиһаз қымбаттайды
Қаржыгердің сөзінше, егер қазақстандықтар арзан тауарларға тапсырыс берсе, төлемі аса қатты өзгере қоймауы мүмкін.
«Бірақ техника, жиһаз немесе басқа да қымбат тауарлар сатып алған кезде қосымша салық жүктемесі болатынын алдын-ала ескеру керек», – дейді Раушан Тасшойынова
Осыған дейін Wildberries Қазақстанда тауарды бөліп төлеу мүмкіндігін іске қосқанын жазған едік. Енді тұтынушылар сатып алынған тауардың құнын 3 немесе 6 айға тең үлеспен өтеуге болады.