
Алматы соты екі блогерді 9 жылға соттады. Істі алқабилер соты қарады.
Төрт адам – Дамир Кушеев, Руслан Каримов, Андрей Белянский және Құрманғазы Айтмұқанов қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген әрекетті жасады деген айып тағылған. Бұл бапта «қорқытып алу» әрекеті көрсетілген.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың 20-22 қаңтары аралығында сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленуші Б.-ны қатысты компромат мәліметті таратамыз деп қорқытқан. Сондай-ақ 20 млн және 23 млн теңге мөлшеріндегі берешекті өндіріп алудан бас тартуды, 18 млн теңге көлемінде қолма қол ақша беруді талап еткен.
Одан бөлек Дамир Кушеевке тағы бір айып тағылған. Тергеу дерегінше, полиция қызметкерінен 40 000 теңге талап етіп, әлеуметтік желіде компромат жариялаймын деп қорқытқан.
Прокурор төрт адамды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
Алқабилердің үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Полиция қызметкеріне қатысты «қорқытып алу» эпизоды бойынша сотталушы Дамир Кушеев ақталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Оларға қатысты тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша жүргізілген.