
Қазақстандағы банк арқылы көрші елден екінші бір елге 7 трлн теңге өткені рас. Бүгін президенттің баспасөз хатшысы және кеңесші Айбек Смадияров осыған қатысты пікір білдірді.
«Президент тексерілмеген ақпаратты жарияламайды. Егер ол 7 трлн теңге транзакция болды десе, демек солай болғаны. Бірақ бұл қоғамдық талқылауға емес, Қаржы мониторинг агенттігінің ғимаратындағы жиында болған қатысушыларға арналған ақпарат еді. Яғни тек қызметтік сипаттағы мәлімет. Транзакция жүргізілген банк не мәселе екенін біледі», – деді Айбек Смадияров.
Оның сөзінше, мемлекет басшысы бұл істің басқа тұсын әдейі ашық айтпаған.
«Президент саяси орындылық пен дипломатиялық хаттама талаптарын ескере отырып, транзакциялық қаражаттың қай елден шыққанын да, қай елге бағытталғанын да әдейі жария етпеді. Сондай-ақ санкциялық режим жағдайында мұндай функцияны өз мойнына алған банктің атауын да атамады», – деді Смадияров.
Мәселенің мән-жайы
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторинг агенттігінде жиында қазақстандық банктердің бірі арқылы көрші бір елден екіншісіне 7 трлн теңге қаржы транзакцияланғанын айтқан еді. Осыдан кейін реттеуші кейбір банктердің трансшекаралық операцияларына тексеру бастады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың сөзінше, 7 трлн теңге бұл барлық қаражаттың айналымы дегенді білдіреді.
«Мұнда атап өтетін нәрсе, 7 трлн теңге – жалпы айналым. Айналым деген не? Мәселен, екі адам бір күн ішінде бір-біріне 1000 теңге аударатын болса, жыл соңына қарай өте үлкен қаражат шығады. Тиісінше, 7 трлн теңге деген сондай айналым», – деді ол BES.media тілшісіне.
Шолпанқұловтың сөзінше, тексеру әлі аяқталмаған. Бірақ алдын-ала қорытынды бойынша, реттеуші ірі құқық бұзушылық байқамаған.