Елдос Колобок Меккеге барып, құдайдан жылап тұрып сәби сұрағанын жеткізді

Елдос Колобок Рамазан айымен құттықтай отырып, былтыр осы уақытта Меккеге барып, құдайдан жылап тұрып, сәби сұрағанын айтты.
Елдос Колобок атымен танылған әзілкеш әрі блогер Елдос Қадырханов мұсылмандардың дұғасының қабыл болуын тіледі.
«Қасиетті Рамазан айы. Ұстаған оразаңыз қабыл болсын. Былтыр осы уақытта қажылыққа барып, Алладан жылап сұрағанымызды биыл күліп қолымызға ұстап тұрмыз. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Алла дұғаңызды қабыл етсін», – деп жазды Елдос Колобок.
Елдос Қадырханов жұбайы екеуі бұл сәбиді он жыл күткен. Блогер жақында баласының бесік тойын дүркіретіп өткізген еді.
«Осы күнді 10 жыл күттім! Аллаға шүкір, осы күнге жеттік! Баршаңызға мың алғыс! Құттықтауларыңызға рахмет», – деп жазған еді Елдос Колобок.
Айта кететін жайт, жұбайлар сәбиге Әлем деген есім берген.